Былтыр ерекше қорғалатын аумақта 1,5 млн адам демалған
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтан бір жылда 800 тонна қоқыс шығарылды. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, 2021 жылы Ұлттық табиғи парктер аумағында санитарлық норманы сақтау үшін 2 мың рейд жүргізілген.
Нәтижесінде орманда қатты тұрмыстық қалдықтар және тағы басқа қоқыстарды тастау бойынша шамамен 100 заңбұзушылық анықталды. Заңды бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтағы қызметкерлердің күшімен үнемі рейдтер ұйымдастырылып, қоқысты жинау бойынша жұмыстар жүргізіледі. Мысалы, былтыр аталған аумақтан шамамен 800 тонна түрлі қоқыс жиналып, шығарылды. Бұл аумаққа 1,5 млн адам келген, - деді министр Мәжілістің жалпы отырысында.
Сондай-ақ ол ұлттық табиғи парктерде қоқыс контейнерлерін орнату бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.
«Мысалы Іле Алатауы, Шарын, Көлсай көлдерінде қоқысты сұрыптап тастауға мүмкіндік беретін контейнерлерді қою бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Осыған дейін бұл жұмысты «Оператор РОП» компаниясы жүргізді. Өкінішке қарай, бұл жұмыс тоқтап тұр. «Оператор РОП» біздің қарамағымыздағы компанияға өтті. «Жасыл даму» АҚ бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырады», - деді ведомство басшысы.