Қазақстанда офлайн оқуға рұқсат беріледі
Дәстүрлі оқуға қандай жағдайда рұқсат берілетіні белгілі болды
Премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Қазақстан аумағында коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният соңғы аптада эпидемиологиялық ахуал орташа есеппен 5,6 есе нашарлай түскенін атап өтті. Сырқаттанушылықтың жоғары өсуі Қарағанды облысында – 28 есе, Алматы облысында – 11 есе, Атырау, Ақмола облыстарында және Алматы қаласында – 9-9,5 есе.
Вице-премьер инфекцияның таралуын тежеу үшін азаматтарды вакцинациялау және ревакцинациялау қарқынын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ ведомствоаралық комиссия коронавирусты емдеу үшін жаңа дәрілік препараттарды ерекше жағдайларда қолдануды қолдады.
ВАК талқылауының қорытындысы бойынша оқытудың штаттық форматына рұқсат беру ұсынылды:
- мектепке дейінгі ұйымдарда – ата-аналардың өтініштері бойынша («қызыл», «сары», «жасыл» аймақтарда);
- оқушы саны 600-ге дейін (қоса алғанда) жалпы білім беретін мектептерде;
- оқушы саны 600-ден асатын жалпы білім беретін мектептерде – жобалық қуаттың 50%-ынан аспайтын жүктемемен;
- жалпы білім беретін мектептерде – бастауыш 1-4 сыныптар (халықаралық мектептерде 5-6 сыныптарды қоса алғанда);
- мектептен тыс ұйымдарда – жеке сабақтар, топтық сабақтар – 15 адамға дейін, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған түзету кабинеттерінде (орталықтарында), ересектерде – жеке және топтық сабақтар – 8 адамға дейін;
- колледждер мен жоғары оқу орындарында – аралас форматта: практикалық, зертханалық, семинарлық сабақтар, өндірістік практика – икемді график бойынша штаттық режимде, дәрістер – онлайн.
Орта білім беру ұйымдарында, колледждерде, жоғары оқу орындарында барлық білім алушыны қашықтан оқыту форматына ауыстыру карантин режимін бұзушылықтар анықталған кезде қолданылады.
Кеңес соңында Ералы Тоғжанов мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің басшыларына коронавирустың таралуына жол бермеу бойынша үкімет қабылдап жатқан шаралардың сақталуын бақылауды қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.