Halyq Uni логотип
×

Петропавлда «жарылғыш зат» қойған азамат бір жылға сотталды

Ол мас күйінде «102-ге» хабарласқан

 Дастан Жұмабекұлы 29.06.2022 | 11:29
Петропавлда «жарылғыш зат» қойған азамат бір жылға сотталды
Көрнекі фото

Петропавлда ішімдік ішіп алған адам «102-ге» Заводская көшесінің бойындағы үйдің кіреберісінде жарылғыш құрылғысының қойылғанын хабарлаған.

Оқиға орнына патрульдік полиция батальонының қызметкерлері мен басқа да шұғыл қызметтердің өкілдері келіп, «жарылғыш зат» туралы хабарлаған ер адамды ұстады. Одан тексеру кезінде жарылғыш заттар табылған жоқ.

Аталған факті бойынша Қазақстан Ресубликасы Қылмыстық кодексінің 273-бабы («Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. 8 маусымда Петропавл қалалық соты оны бір жылға бас бостандығынан айыру түріндегі үкім шығарды.

«Ер адамның заңсыз әрекеттері қала тұрғындарының тыныштығын бұзды. Мұндай оқиғалар көбінесе объектілердің жұмысын тоқтатып, оның иелеріне материалдық зиян келтіреді. «Телефондық терроризм» үшін ҚР ҚК 273-бабы бойынша ірі айыппұлдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», - деді облыстық полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция полковнигі Руслан Жарасбаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама