Ол бірнеше техниканы сатып үлгерген
Алматы облысының 20 жастағы тұрғыны Нұр-Сұлтанға дейін жеке таксимен келген. Астанаға келген күні ол сауда үйлерінің бірінде «Iphone 13» маркалы ұялы телефонын 380 мың теңгеге өткізген.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полицейлер мародерлік жасады деп күдік келтірген адамды Ұлы дала даңғылының бойындағы жалдамалы пəтерлердің бірінен ұстаған. Пәтерді тінту барысында Алматы қаласындағы «Белый ветер» дүкенінен ұрланған «НР» маркалы ноутбук, «Iphone 11», «Iphone 6» маркалы ұялы телефондар табылып, тәркіленген.
22 жылғы 4 қаңтарда күдіктінің Алматы қаласындағы компьютер клубында жұмыста болғаны анықталды. Танысынан жақын жердегі «Белый ветер» дүкенінің тас-талқанын шығарғанын естіп, аталған дүкеннің қоймасына барып, сол жерден 4 дана «Iphone 11» және «Iphone 13» маркалы ұялы телефоны мен 2 дана «НР» маркалы ноутбукты жымқырған. Жас жігіт ұрлық жасаған күннің ертеңінде Алматы қаласынан елордаға қарай шығып кеткен.
Қазір аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ПД уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында сатып алушы анықталып, одан «Iphone 13» маркалы ұялы телефоны тәркіленді.
Полиция департаменті азаматтарға құнды заттар мен техникаларды сату туралы күмәнді ұсыныстардан сақ болуды ескертеді. Тауарларды сатып алған кезде қырағылық танытып, сатушыдан чек немесе кепілдік талонын сұраңыз. Күдік туындаған жағдайда полицияға хабарлаңыз. Қылмыстық жолмен табылған мүлікті сатып алу немесе өткізу қылмыстық жауапқа әкеп соқтыратынын ескертеміз, – дейді ПД.
2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар мен көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.