Енді алаяқтар 7 жылға дейін сотталуы мүмкін
«Хабар 24» арнасының хабарлауынша, бүгін Парламент Сенатының депутаттары қаржы пирамидалары туралы заң жобасын екі оқылымда да мақұлдады. Енді заң бойынша мұндай алаяқтардың ұйымдарын жарнамалайтын адамдар қылмыстық жауапқа тартылып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар да қатаң жазаланады. Биыл еліміз бойынша 17 мың адам алаяқтарға сеніп, ақшасынан айырылған еді. Солардың кесірінен халық 27 миллиард теңгеден айырылды. Ал былтыр елде 180 қаржы пирамидасы тіркелсе, биыл олардың 225-ке жетті. Барлығы 158 адам қылмыстық жауапқа тартылып, 53 адам сотталды.
Парламент Сенатының депутаты Андрей Лукиннің айтуынша, қаржы пирамидаларын жарнамалаған азаматтарға қатысты істермен ішкі істер органдары және экономикалық тергеулер қызметі айналысады. Осы құжат күшіне енгенде, бірқатар кодекс пен заң өзгертіледі. Оның арасында жарнама туралы заң да бар. Жаңа құжат қаржы пирамидаларын ұйымдастырудың алдын алуға арналған.