Бас прокуратура Украинадағы соғысқа қатысқан қанша қазақстандыққа қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады

Айнұр Шошаева

Былтыр сепаратизм бойынша 4 қылмыстық іс қозғалған

Украинада соғысып жатқан қазақ жауынгері, фото: әлеуметтік желі

Бұған дейін БАҚ беттерінде Ресейге жалданған жауынгер - әлеуметтік желілерде қазақстандықтарды соғысқа белсенді түрде үгіттеушілержің бірі Вячеслав Третьяков Украинада Ресей жағында соғысып жүрген үш қостанайлықтың көз жұмғанын хабарлады. Арлен Батенов есімді желі қолданушысы соғысқа ерікті қатысушы қазақстандықтар арасында алғаш рет бірнеше адам қайтыс болғанын жазған.

Осы ретте Halyq Uni тілшісі ҚР Бас прокуратурасына бірнеше сұрақ жолдап, ресми жауап алды.

Бас прокуратураның хабарлауынша, Қазақстанда аталған соғысқа қатысу фактісі бойынша (ҚК-нің 172-бабы) Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті 1 қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Сепаратизм фактісі бойынша (ҚК-нің 180-бабы) 2021 жылы 4 қылмыстық іс (2 іс сотқа жолданып, қаралуда, 2 іс ақталатын негізбен тоқтатылған), 2022 жылы 1 қылмыстық іс тіркелген (өндірісте).

Қазақстан азаматтарының кез келген шет мемлекеттердің аумағындағы қарулы қақтығыстарға немесе ұрыс қимылдарына, жалдамалық белгілері болмаған кезде қасақана заңсыз қатысуына байланысты әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 172-бабы бойынша диспозициясына жатады. Осы қылмысты жасағаны үшін бес жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Ал Қазақстан азаматтарын Украинадағы қарулы қақтығысқа қатысуға БАҚ немесе телекоммуникация желілері, оның ішінде интернет желісі арқылы немесе шақыруға бағытталған жарияланымдардың сипатына, сондай-ақ өзге де қылмыс жасауға итермелеу мән-жайларына қарай (ҚР ҚҚ 28-бабының 4-тармағы), ұлтаралық қақтығысты қоздыру немесе азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау белгілері (ҚР ҚҚ 174-бабы), көрінеу жалған ақпарат тарату (ҚР ҚҚ 274-бабы), және өзге де қылмыстық белгілері бойынша заңға сәйкес жауаптылық қарастырылған.

Сепаратизм - жікшілдік, оңашалануға тырысу. Халықтың мемлекеттен бөліну әрекеті сепаратизм деп түсіндіріледі. Бұған дейін Halyq Uni тілшісі «Қазақстанда сепаратизм бар ма?» деген сұрақты саяси сарапшыларға қойып көрген еді.