Қазақстан терроризмді қаржыландыратындармен күресті күшейтпек
Құжат аясында қолданыстағы 12 заң мен 4 кодекске өзгеріс пен толықтырулар енгізіледі
Сенаттың жалпы отырысында қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл қызметінің тиімділігін күшейтуді көздейтін заң жобасы қабылданды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Жиында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл, сондай-ақ мемлекеттік баға реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды.
Сондай-ақ сенаторлар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе құжатты да қабылдады.
Заң жобалары қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы, аталған саладағы ұлттық заңнамалық жүйені нығайтуды көздейді.
Депутат Сұлтанбек Мәкежановтың айтуынша, құжат аясында қолданыстағы 12 заң мен 4 кодекске өзгеріс пен толықтырулар енгізіледі.
Біріншіден, кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамаға шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған трастарға немесе басқа да корпоративтік құрылымдарға жауапкершілік енгізілді, - деді сенатор.
Ол қылмыстық кірістерді жылыстатқаны үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігін енгізу ұсынылғанын атап өтті.
Терроризмді қаржыландыруға қатысы бар адамдарды және терроризмге әрекет ететін адамдарға тыйым салу шараларын қолданатын өзгертулер енгізілді. Заң жобасында қаржы мониторингі органдарының лауазымды адамдарына тиісті әкімшілік құқық бұзушылық хаттамаларын толтыру өкілеттігі берілді, - деді Сұлтанбек Мәкежанов.