×

Бала көп, мектеп тапшы: Елордада да «Ы» сыныптары пайда болуы мүмкін

Әрі-бері сабылған ата-аналар білім басқармасына бармаса да, ондағылар бәрін біліп отыр

 Еркеғали Болатұлы 28.06.2022 | 11:16
фото: ашық дереккөз

Елордадағы жаңа тұрғын үй кешендерінде тұратын балалар жаңа оқу жылында мектепке бармауы мүмкін. Өйткені дәл қастарында орналасқан жеке және мемлекеттік білім ошақтары оқушыларды қабылдаудан бас тартқан.

Жекеменшік мектепте орындар өзге шағынауданның балаларына беріліп толса, №71 мектептегі жағдай да сондай. Ұл-қызын оқытамын деп әрі-бері сабылған ата-аналар мұны түсінбей дал.

Бас шаһарда тұрғын үй кешендері «жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай» қаптады. Жаңа баспаналар салынғанымен, қасында не мектебі, не балабақшасы жоқ. «Sat City» кешені де солай. Жаңа мекенге қоныс аударғандар үйінің қасындағы емес, қаланың шетіндегі білім ордаларында оқуға мәжбүр.

Жарты жыл бойы 20 аялдама жүріп, 88-мектепке пересадкамен барамыз. Аэропорттың қасында. Ол мектепте развозка бар. Қазіргі кезде үй салып, мектеп салмау, балабақша болмау дегенді түсінбеймін. Енді баланы қайда апару керек? - дейді КТК телеарнасына сұхбат берген Балқия Сыздықова атты тұрғын.

Ашуға булыққан ата-аналарды жекеменшік, тіпті мемлекеттік №71, 78-мектептердің басшылығы әбден танып алған. Түсірілім тобын ерткен әйелдер «Биномға» да бас сұққан. Ашылғанына жарты жыл болған мекеменің директоры олардан қашпай, әрқайсысының талап-арызын тыңдап көрді. Берген жауап біреу ғана – парта жоқ, мекемелер оқушыға лық толы.

«4 шілдеден бастап Тұран даңғылы бойында ашылатын мектепке бізде оқитын, бірақ сол мекенжайға қарайтын балаларды ауыстырамыз. Сосын босаған орынға оқушыларды қабылдаймыз. 1-сыныпқа оқушылар порталмен қабылданады. Бірден айтайын, орын ондай көп емес. Бір жағынан, резервте тұрған 1 114 бала бар. Оларға да орын тауып беру керек. Екі ауысымда 4 мың баланы оқытып отырмыз. Сондықтан парта саны шектеулі. Бәрін қабылдай алмаймыз», - деді BINOM SCHOOL TURAN мектебінің директоры Бауыржан Төленов.

Әрі-бері сабылған ата-аналар білім басқармасына бармаса да, ондағылар бәрін біліп отыр.

Sat City» тұрғылықты мекенжайы бойынша №71 мектепке қарайды. Ата-аналарға әлеуметтік желі арқылы шығып жатырмыз. Егер шағын учаскелер бойынша қандай да бір сұрақтар туындап жатса, білім басқармасындағы №701 кабинетке келуге әр ата-ананың құқы бар, - дейді қалалық білім басқармасы бөлімінің басшысы Асыл Амангелдиева.

Жақын күндері бұл шағынауданда тағы да баспаналар бой көтеріп, тағы жаңа тұрғындар көшіп келеді. Шенеуніктер үш ауысымды мектеп проблемасынан құтылуды ойласа да мынадай жағдайдан кейін ол болмайтын сыңайлы. Былтырғы Қосшыдағыдай, биыл елордада да «Ы» әрпінен бітетін сыныптар пайда болуы мүмкін.

Жыл соңына дейін мұнда 23 мың орынға шақталған 11 мектеп пайдалануға беріледі. Ал 1-сыныпқа баратындар саны – 26 мың. Бұл көрсеткіш 1 қыркүйекке дейін өсуі де мүмкін. Өйткені өзге өңірлерден астанаға ағылған қазақстандықтар нөпірі айтарлықтай артып келеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама