×

«Электронды форматта алу мүмкін емес». Премьер-министр Бағдат Мусинге тапсырма берді

Бүгінде ауыл шаруашылығы, білім және ғылым, денсаулық сақтау салаларында цифрландыру деңгейі төмен

 Дәурен Ерболат 28.06.2022 | 10:10
Фото: primeminister.kz

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге 3 айда қолжетімсіз мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіруді тапсырды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, қазір электронды қызметтердің деңгейі 93%-ға тең, ал қызметтердің 66%-ын қазақстандықтар смартфон арқылы алып отыр.

«Азаматтың жеке басына қатысты 18 құжат түрі цифрлық форматта беріледі, яғни оларды қағаз жүзінде растаудың керегі жоқ. Электронды қызметтер мен базалардың интеграциясы азаматтардың өмірін жеңілдетуге мүмкіндік берді. Олар мемлекеттік органдардың есігін тоздырып, қағазбастылыққа салынып, әуреге түспейді. Бұл жұмысты әрі қарай кеңейту керек», - деді премьер-министр Үкімет отырысында.

Әлихан Смайылов салада назар аударатын мәселелер барын атап өтті.

Біріншіден, ауыл шаруашылығы, ғылым және жоғары білім, индустрия және инфрақұрылымдық даму, денсаулық сақтау және қорғаныс бойынша кейбір қызметтерді электронды форматта әлі де алу мүмкін емес. Сондай-ақ сыртқы істер министрлігі бойынша қызметтерді автоматтандыру деңгейі төмен. Цифрлық даму министрлігіне аталған мемлекеттік органдармен бірлесіп, 3 ай мерзімде қолжетімсіз мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіруді тапсырамын, - деді Үкімет басшысы.

Екіншіден, ол цифрлық құжаттардың қолданыс аясын кеңейте отырып, олардың санын арттыру керегін жеткізді.

Қолданыстағы цифрлық құжаттарды барлық мемлекеттік органдар заңды түрде мойындауы тиіс. Сондай-ақ оларды әртүрлі ресурстарға орналастыру қауіпсіздігін де ойластыру қажет. Цифрлық даму министрлігіне, орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2 ай мерзімде осы мәселені техникалық тұрғыдан іске асыру жоспарын бекітуді тапсырамын. Үшіншіден, орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге деректерді үнемі жаңартып тұруды, ақпараттық жүйелердің тоқтаусыз жұмыс істеуін және олардың уақытылы интеграциялануын қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін арттырады, - деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр бұл мәселелерді бақылау Бағдат Мусинге жүктелетінін жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама