200 мың теңге пара алды деп айыпталған шенеунік 3 млн теңге өндіріп алды
7 ай тергеліп, былтыр қарашада қамаудан босатылған
Ақтөбеде пара алды деген күдікпен 7 ай тергеуде болып, кейін сотта ақталып шыққан орман шаруашылығы басқармасының бас маманы Қаржы министрлігінен моральдық өтемақы өндіріп алды.
Сот материалы бойынша, мемлекеттік қызметкер ағаш кесуге рұқсат бергені үшін 200 мың теңге алды деген күдікпен ұсталған болатын. 7 ай тергеліп, былтыр қарашада өткен сот процесі кезінде айыптаушы тараптың уәжі дәлелденбей, ол қамаудан босатылған. Кейін тартқан зардабы үшін 7 миллион теңге сұраған.
Сот бас маманның талабын ішінара қанағаттандырып, жазықсыз жала жапқандарды 3 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттеді. Бұдан бөлек, мемлекет заңгерлік шығын мен жүргізілген сараптамалардың ақысын да қайтарады.
Облыстық сот баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір орман шаруашылығы басқармасының бас маманы қызметіне қайта оралған.