×

Алтын контрабандасы: Елорда соты 9 сотталушыға ақтау үкімін шығарды

Адвокат бұл іс бойынша айыпталушы азаматтардың азапталғанын айтты

 Айнұр Шошаева 28.06.2022 | 09:26
Қанат Тобағалиұлы, Есіл ауданының №2 сотының судьясы

Елорданың Есіл ауданының №2 соты трансұлттық қылмыстық топ және Қазақстаннан Түркияға аса ірі көлемде алтын контрабандасы бойынша айып тағылған сотталушыларға үкім шығарды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Алтын контрабандасы мен трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құру бойынша 14 адамға айып тағылған. Оның екеуі - Түркия азаматы. 

Сот үкімімен бір эпизод бойынша А., Д. және Б. қатысты сот өндірісі айыптаудан бас тартуына байланысты тоқтатылды.

«14 адамның үшеуіне трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу айыбы тағылмаған. Нақты қатысуын ұғыну керек, сот кінәсінің дәлелденбеуіне байланысты 11 адамның 9-ын ақтады. Дәлелдеу мемлекеттік айыптаушы органдарға байланысты», - деді Есіл ауданының №2 сотының судьясы Қанат Тобағалиұлы.

Сонымен бірге, ол қылмыстық істе 20 эпизод контрабандалық алтын шығару бойынша болғанын атап өтті.

«Бір эпизод бойынша тоқтату қаулысы шықты. Онда мемлекеттік айыптаушы одан бас тартты, соған байланысты сот істі тоқтатты. Ал 19 эпизод бойынша қатысы бары дәлелденді. Контрабандалық жолмен, аса ірі көлемде, алдын ала сөз байласумен бірнеше рет болған. Оның санкциясы үш жылға дейін ғана, сотталушыларда ауырлататын жайт табылған жоқ. Жеңілдететін жайт - олардың балалары бар. Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 55-бабының 2 бөлігіне сәйкес, бәріне нақты 1,5 жыл берді», - деп толықтырды ол.

Кінәсін толық мойындаған үш азаматқа тергеу органдарына көмектескені үшін бір жыл шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен бірге, контрабанда бойынша сотталушыларға Рақымшылық туралы заң қолданылды.

«Осыған байланысты контрабандалық жолмен кетіп қалған заттардың құнына әрбір эпизод бойынша бәрінен алынды. Қатысы барлардың бәрінен өндірілуге жатады. Ж., Р.Т, және Р.С тың нақты эпизодтары бойынша барлық заттар алынғандықтан, қайтып өндіруге болмайды. Себебі ол заттар мемлекеттің пайдасына өткізіледі», - деді судья.

Бұған қоса, отырыста үш сотталушы: екі Қазақстан азаматы мен Түркия азаматына 8 жыл бас бостандығынан айыру үкімі шығарылды.

Еске сала кетейік, аталған қылмыстық іс 2021 жылдың 6 қаңтарында қозғалған.

«ҰҚК органдары трансұлттық қылмыстық іс бойынша айып тақты. Алайда трансұлттық қылмыс бойынша дәлелдің болмауына байланысты бұл бап бойынша ақтады. Бізде тек контрабанда бойынша айып қалды. Бірнеше сотталушы кінәсінің болмауына байланысты ақталды. Осы іс кезінде айыпталушылар тергеу органы тарапынан азапталды. Азапталғандардың қатарында Түркия азаматы мен менің де қорғалушым да бар. Азаптаған азаматтардың барлығы анықталды. Олардың барлығы ҰҚК органдарының қызметкерлері», - деді адвокат Айжамал Мыңжасар.

Оның айтуынша, қазір тергеу кезіндегі азаптау фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істі Антикор тергеп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама