Өңірде мұндай 50 ауыл бар
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өңір тұрғындарына «болашағы жоқ ауылдардан» көшіп кетуге кеңес берді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Алдымен ол ауылдан қалаға көшкендердің санын азайту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталды.
«Біріншіден, бізде халқының саны аз аудандар да бар. Алдымен сол аудандарда жұмыс істейміз. Кейін ауылдарға көшеміз. Мысалы Сандықтау, Астрахан, Егіндікөл аудандары бар. Онда тұратын халықтың саны аз. Біз не істеп жатырмыз? Алдымен әлеуметтік жағдайды реттеудеміз. Мысалы, ондағы ауруханаларды жөндеп, қалыпқа келтірдік. Бүгінде онда заманауи құрал-жабдықтар тұр... Мектептерді, жолдарды жөндеп жатырмыз... Осылайша, бұл жақта миграция айтарлықтай азайғанын байқадық, - деді облыс әкімі ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Ермек Маржықпаев болашағы жоқ ауылдардың мәселесін шешу оңай емес екенін атап өтті. Оның пікірінше, мұндағы тұрғындар басқа жаққа көшуі керек.
Екіншіден, халқының саны аз ауылдарға тоқталайын. Өкінішке қарай, облыста мұндай 50 ауыл бар. Онда шамамен 1400 адам тұрып жатыр. Бұл аталған ауылдардағы халықтың саны 50-ден де аз дегенді білдіреді. Менің ойымша, мұндай ауылдарға қолдау көрсету қиын. Бүгінде біз ондағы тұрғындардың басқа жаққа көшуі үшін барлық жағдайды жасап жатырмыз. Өйткені, қыста бұл ауылдардағы жолдарды тазалап, электр энергиясын беруіміз керек, - деді өңір басшысы ағынан жарылып.
Сондай-ақ облыс әкімі мұнда сапалы білім беру мүмкін емес екенін жеткізді.
«Бұл ауылдарда шағын жинақты мектептер бар. Онда білім сапасына қатысты белгілі бір сұрақтар туындайды. Мысалы, ауылда үлкен мектеп тұр. Онда 300-400 бала оқуы шарт. Алайда бар болғаны 3-4 сынып оқиды. Мысалы, 1 мұғалім бір уақытта 3-4 сыныпқа сабақ береді. Бұл да проблема ғой», - деп түйіндеді сөзін Ермек Маржықпаев.