×

Қарапайым азаматтар да ұлттық компаниялардың акцияларын иеленуге тиіс – Тоқаев

Инвестициялық мәдениетті дамытуда цифрлық шешімдер маңызды рөл атқарады

 Динара Амантай 27.06.2022 | 15:24
Қасым-Жомарт Тоқаев, фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңестің отырысын өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Жиын барысында «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) 2021 жылы атқарған жұмыстары қорытындыланды және оны әрі қарай дамыту жөніндегі ұсыныстар қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық жағдай құбылып тұрған кезде инвестициялық тұрақтылық пен болжамдылықты қамтамасыз етуге қабілетті сенімді қаржы көздерін іздеу өзекті болатынын айтты. Бұған қоса ол АХҚО-ның әлеуеті инвестициялардың сенімділігі мен қауіпсіздігінің кепілі ретінде барынша пайдаланылуға тиіс екендігін атап өтті.

Мемлекет басшысы АХҚО-ның алдында жетекші қаржы орталығы ретінде өз мәртебесін институционалды тұрғыдан нығайту міндеті тұрғанын атап өтті. Осыған орай Мемлекет басшысы бірқатар өзекті мәселеге назар аударды. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев санкциялық мәселеге мән бере отырып, шетелдік компаниялардың АХҚО-ға тіркелу талабы барынша оңай әрі либералды болуға тиіс екеніне тоқталды. Президент АХҚО-ның шетелдік серіктестермен диалог жүргізуі қажет екенін атап өтті және қаржы реттеушілерімен тығыз ықпалдастық орнатудың маңыздылығын жеткізді. Осы ретте жалпы үйлестіру жұмыстары Үкіметке жүктелді. Сондай-ақ Президент Орталықтың реттеушілік қызметі мен нормативтік-құқықтық базасы дербестігі мен тәуелсіздігін сақтап қалуы керек екенін айтты. Мемлекет басшысы ұлттық компанияларды IPO-ға шығару жұмыстарын келесі маңызды міндет ретінде атады. «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен оның ұлттық компанияларының рөлін мысалға келтірді.

Еліміздің қарапайым азаматтары Ұлттық компаниялардың акцияларын иеленуге және салымдарынан өз дивиденттерін алуға мүмкіндігі болуға тиіс. Дәл осындай жолмен халықтың инвестициялық мәдениеті қалыптасады. IPO-ға қатысу Қазақстанның барлық тұрғыны үшін қолжетімді болуы қажет. Ол үшін қағазбастылық пен бюрократияны болдырмайтын жаңа цифрлық шешімдер керек, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ұзақ мерзімді шетелдік инвесторларды теңге түріндегі тәуелсіз облигацияларға тартудың өзектілігін атап өтті. Президент қазіргі құбылмалы жағдайда инвестициялар мен ресурстар үшін бәсекелестік күшейеді деген пікір білдірді. Инвесторлар корпоративтік басқару қағидаттары жоғары деңгейде сақталатын, заң үстемдік ететін және халықаралық юрисдикциясы бар алаңдарды іздейді.

«Елімізге жаңа әрі сенімді инвестиция көздері қажет. Ол үшін халықаралық депозитарийлермен өзара тығыз ықпалдастық орнату керек. Мұндай жағдайда реттеушілік режим мен халықаралық құқыққа негізделген АХҚО алаңы тартымды болады. Үкіметке Ұлттық банкпен және АХҚО-мен бірлесе отырып, ұзақ мерзімді институционалдық инвесторлары бар әлемдік инфрақұрылымға қосылу мәселесін пысықтауды тапсырамын. Бұл экономикамыздың орнықты өсімі үшін маңызды қадам болмақ», – деді Президент.

Сонымен бірге Тоқаев криптоиндустрия және цифрлық активтерді дамыту мәселелеріне тоқтала отырып, Үкімет қаржы реттеушілерімен және АХҚО-мен бірлесе отырып, кешенді цифрлық экожүйені дамыту үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысы жиынды қорытындылай келе, АХҚО-ның 2021 жылы атқарған жұмысының жылдық есебін бекітті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама