«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-на 5 млн теңгеден астам айыппұл салынды

Динара Амантай

Мекеме инвестициялық бағдарламаның іс-шараларын орындамаған

Фото: видеодан скриншот

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тауарлық газды көтерме іске асыру қызметі бойынша бекітілген инвестициялық бағдарламаның іс-шаралары орындамаған үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексінің 166-бабының екінші бөлігі бойынша инвестициялық бағдарламаны іске асыруға қолданылмаған соманың он пайызы көлемінде сомасы 5 340 143 теңгені құрайтын айыппұл салумен әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тауарлық газды іске асыру саласындағы қоғамдық маңызы бар нарық субъектісі бола тұра шекті бағаларда ескерілген инвестициялық бағдарламаның іс-шараларын орындауға міндетті болған. Алайда, қолданыстағы заңнама талаптарын бұза отырып, мекеме 2021 жылға тауарлық газды көтерме іске асыру қызметі бойынша бекітілген инвестициялық бағдарламаның іс-шараларын орындамаған болып шықты.