Мәжіліс төрағасы ЕАЭО бірыңғай энергетикалық жүйесі туралы пікір білдірді
Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай энергетикалық жүйесін құру кезінде Қазақстанның мүддесі ескерілуі керек. Бүгін Палата төрағасы Нұрлан Нығматулин жалпы отырыста осылай деді.
2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа (Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру бөлігінде) өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасының мақсаты – электр энергиясын өндірушілер мен тұтынушылардың ұлттық электр энергиясы нарықтарын интеграциялау арқылы Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын құру саналады, – дейді Мәжіліс.
Нығматулин атап өткендей, бұл заң жобасының қабылдануымен біртұтас ірі энергетикалық жүйеге интеграциялану үшін құқықтық негіз құрылуда. Электр энергиясын жеткізудің еларалық құрылымын қалыптастыруға қуаттардың, базалық инфрақұрылымның, сондай-ақ ЕАЭО мемлекеттерінің электр энергетикалық жүйелеріне ортақ техникалық стандарттарының болуы ықпал етеді.
Мәжіліс төрағасы заң жобасын әзірлеуші Энергетика министрлігінің назарын ортақ нарыққа қатысушылардың өзара қарым-қатынасына қатысты ережелерді құру маңыздылығына аудара отырып:
Бірыңғай энергия жүйесін құру ол, әрине, керек нәрсе. Оған ешқандай күмән жоқ. Ол – бәсекеге қабілетті арттыру үшін керек. Ол, жалпы, осы секторды дамытуға жол ашады. Бірақ та, осы, бірыңғай энергия жүйесін құрғанда, ең бастысы, өз еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін сақтап қалуымыз керек. Ол, өте манызды мәселе, - деді.
Бұл ретте Палата төрағасы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жеке энергетикалық қуаттарды дамытуды талап ететінін атап өтті. Осыған байланысты энергия көздеріне толық техникалық аудит жүргізіп, елімізде 40-50 жыл және одан да көп жұмыс істеп тұрған негізгі өндіруші қуаттарды жаңғырту бойынша нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу қажеттігіне назар аударды.