«Qazaq Stroy» 3,5 млрд теңгені мәжбүрлі түрде өтейді
Экологтар тексеру жүргізіп, заңбұзушылықтарды анықтағаннан кейін компанияны сотқа берген

Экологиялық жанжалға қатысы бар «Qazaq Stroy» компаниясынан 3,5 миллиард теңгеден астам қаржы күштеп өндірілмек. Компания Алматыда заңсыз түрде құм қазып, топырақ пен құрылыс қалдықтарын төгіп келген.
Алғашында құрылыс маңындағы саяжай тұрғындары «Qazaq Stroy» компаниясының жұмысына шағыммен Жкология департаментіне жүгінген. Экологтар тексеру жүргізіп, заңбұзушылықтарды анықтағаннан кейін компанияны сотқа берген.
Сот шығынды өтеу туралы шешім шығарғанымен, компания басшылығы бұл шешіммен келіспеген. Сөйтіп, аппеляциялық шағым түсіріп, кейін Жоғарғы сотқа жүгінген. Барлық жерде компания кінәлі деп танылды. Енді келтірілген залал компаниядан мәжбүрлеп өндіріледі, - деп хабарлайды Алматы қаласының Экология департаменті.
Айта кетсек, сот процесі екі жылға созылды. Осы уақыт ішінде «Qazaq Stroy» компаниясының басшысы Нұрлан Артықбаев сот оны заңсыз құм өндіру және ірі көлемде қалдықтарды төгу үшін кінәлі деп тапқаннан кейін де президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан белсенді қоғамдық жұмысы үшін Құрмет орденін алып үлгерген болатын.