×

Александр Винокуровтың ұлы Қазақстан чемпионы атанды

Ол 157,5 шақырым қашықтықты 3 сағат 44 минут 16 секундта жүріп өтті

 Қанат Атаманов 26.06.2022 | 21:00
Фото: ашық дереккөздерден

Ақмола облысындағы Бурабай демалыс аймағында тасжолдағы велоспорттан ел чемпионаты өтті. Мұнда еліміздің велошабандоздары топтық және жекелей жарыстар бойынша Қазақстан чемпионы атағы үшін таласқа түсті.

Жарыстың соңғы күні Astana Qazaqstan Development Team жастар құрама командасының шабандозы, атақты Александр Винокуровтың ұлы Николас Винокуров 23 жасқа дейінгі шабандоздар арасында өткен Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанды. Ол 157,5 шақырым қашықтықты 3 сағат 44 минут 16 секундта жүріп өтті. Илхан Достиев (+00:39) екінші болса, Өркен Сламжанов (+00:58) үздік үштікті түйіндеді.

Таңертеңгісін жеңіске жетем деген мақсатпен ояндым. Мені екінші немесе үшінші орындар қызықтырған жоқ. Тек жеңіске жетуге бел байладым. Жарыс басталғанда көшбасшылар тым алысқа ұзап кетпеу үшін оларды бақылауда ұстау керек болды. Біздің Солтүстік Қазақстан облысы екінші айналымда басымдықты жақсы сақтап қалды. Шабуыл басталғанда мен бірінші топқа қосылдым. Күні бойы өзімді жақсы сезіндім. Мәреге жеті шақырым қалғанда соңғы айналымда алдыңғы қатарда жалғыз екенімді білгенде, мәреге дейін соңғы 1,5 шақырым бойы жоғары қарқынмен жүрдім. Глеб өте жақсы шабуыл жасады. Бірақ өкінішке қарай, басқа шабандоздар оны қуып жетіп, мәреге үшінші болып келді. Александр Семенов те өте мықты болды. Команда болып жұмыс істегенімізге және жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын, – деді Николас Винокуров Қазақстан велоспорт федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Сонымен қатар, Astana Qazaqstan Team шабандозы Евгений Гидич Қазақстан чемпионатының топтық жарысында жеңіске жетті. Ол 157,5 шақырым қашықтықты 3 сағат 43 минут 48 секундта бағындырды. Қалған жүлделі орындарды да астаналық шабандоздар иеленді. Атап айтқанда, Артем Захаров мәреге екінші келді. Ал Глеб Брусенский чемпионнан екі секундқа артта қалып, қола жүлдеге ие болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама