Астанада 700 жуық адам төтенше жағдай режимін бұзды

Халық үні

Бүгін Қазақстанның бүкіл аумағында енгізілген төтенше жағдай мен коменданттық сағаттың күші жойылды

фото: Нalyq Uni

Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, қаладағы жағдай тұрақты және бақылауда тұр. Төтенше жағдай режимі басталғаннан бері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыстар мен өзге де құқыққа қайшы әрекеттердің уақтылы алдын алу және жолын кесу мақсатында горнизонның жеке құрамы жұмыс атқарды.

6 блокбекет тәуліктік режимге көшірілді. Блокбекеттер мен қала ішінен тексеріс барысында 7 бірлік қару, оқ-дәрілер және 72 бірлік суық қару тәркіленді. Сонымен қатар 11 есірткі қылмысының жолы кесілді. Өкінішке орай, кейбір қала тұрғындары коменданттық сағатты бұзып, көшеде жүрген. Төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 651 адам әкімшілік жауапқа тартылды. Олардың ішінде өрескел заң бұзушылыққа барған 42-сі қамауға алынып, 198-іне айыппұл салынды, қалғандарына ескерту берілді. Тәртіп сақшылары аулалар мен пәтерлерді аралап, тексеру жұмыстарын жүргізді. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 76 шетелдік азамат елден шығарылды. Полицейлер жергілікті-рейдтік іс-шараларды өткізу барысында «коменданттық сағат» режимін бұзып, қызметін жалғастырған көңіл көтеру мекемелерін анықтады. Нәтижесінде 64 кәсіпкерлік субъектісінің жұмысына тосқауыл қойылды. Сондай-ақ алкогольдік өнімдерді сатқан-сатпағанын анықтау үшін дүкендерге де тексеріс жүргізілді, – дейді ПД.

Төтенше жағдай кезеңінде «102» арнасына түскен қаңыраулар саны артты. Олардың басым көпшілігі анықтамалық сипатта болды. Қылмыс пен өзге де құқық бұзушылық саны едәуір азайды.

Осы қиын күндері Ішкі істер органдары мен Қорғаныс министрлігінің жеке құрамы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етті. Азаматтар өткізіліп жатқан шараларға түсіністікпен қарап, қолдау білдіріп, үлкен көмек көрсетті. Барлық қала тұрғындарына, қоғамдық ұйымдар мен еріктілерге шексіз алғысымды білдіремін. Бірлескен және жүйелі жұмыстың арқасында елордамыздағы тәртіп пен тыныштықты сақтадық», - деді елордалық Полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Ержан Сәденов.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар мен көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.