×

IQanat олимпиадасының жеңімпаздары анықталды

Білім сайысына ауыл мектептерінің білімді оқушылары қатысты

 Дәурен Ерболат 24.06.2022 | 21:03
Фото: Halyq Uni, IQanat білім беру қорының баспасөз қызметі

Елордада IQanat олимпиадасының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Білім сайысының ақтық сынына 752 оқушы қатысты. Нәтижесінде 100 оқушы IQanat High School of Burabay мектебінде оқуға мүмкіндік алды. Олар 9-11 сыныпта аталған білім ордасында тегін оқиды.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне қатысқан премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов көпбалалы отбасында тәрбиеленгенін, ауыл мектебінде білім алғанын есіне алды.

«Сіздер алыс ауылдардан келдіңіздер. Осында видеороликті көріп, балалық шағым есіме түсті. Мен де ауылда өскен баламын. 9 балалы отбасында тәрбиелендім. Біз де қолымызға айыр, күрек ұстайтынбыз. Мал суарып, оның арасында сабақ оқыдық. Сол кездер көз алдыма келіп жатыр...», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Ол тәуелсіз Қазақстанның іргетасын нығайту үшін жас ұрпақ білімді болу керегін атап өтті.

Білімнен асқан маңызды ештеңе жоқ деп ойлаймын. Болашағымыз біліммен байланысты. Тәуелсіз Қазақстанның аяғынан тұрып, нығаю да, туының болашақта желбіреп тұруы да, тікелей білімге байланысты. Білімді ел ғана мықты мемлекетке айналатыны ешқандай күмән жоқ. Сондықтан мемлекет ең алдымен жас ұрпақты тәрбиелеп, оларға терең білім беруі керек, - деді Ералы Тоғжанов.

IQanat олимпиадасында жеңіске жеткен оқушының бірі – Арман Айтқалиев. Ол Қарағанды облысы Абай ауданы Топал ауылынан келген.

«Өте қуаныштымын және әлі күнге дейін IQanat грантын алғаныма сенбей жүрмін. Мен үшін бұл керемет мүмкіндік. Болашақта қандай мамандық таңдасам да, Қазақстан тарихында өз ізімді қалдыруды армандаймын», - деді ол.

Сондай-ақ IQanat грантына 8-сынып оқушысы Назерке Есімова да ие болды. Ол жеңімпаздардың қатарында екенін білгенде көз жасына ерік берді.

Мен Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Боранқол ауылынан келдім. Қуаныштан өзімді ұстай алмадым, жылап жібердім. Жеңімпаздардың қатарына өте алмай қаламын ба деп қатты қорықтым. Мен көп еңбектендім. Облыстық және респбуликалық сайыс өте қиын болды. Ұзақ отырып, тест тапсырдық. Енді 9-11 сыныпты IQanat High School of Burabay мектебінде оқимын. Болашақта шетелде оқып, дәрігер болғым келеді, - деп сөзін түйіндеді оқушы.

Олимпиаданы IQanat білім беру қоры ұйымдастырды. Оның негізгі мақсаты – Қазақстандағы ауыл мектептерінің оқушыларына талантын ашуға, сапалы білім алуға көмектесу.

Қордың барлық жобасы қамқоршылардың қолдауы арқасында жүзеге асады. Оның қамқоршылар кеңесінің төрағасы – кәсіпкер, меценат Айдын Рахымбаев. Кеңестің құрамында Altyn Qyran Foundation қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов, кәсіпкер Дәурен Жақсыбеков, Forbes Kazakhstan журналының баспагері Арманжан Байтасов және тағы басқалары бар.

Айта кетейік, осыған дейін астанада IQanat олимпиадасының финалы өтетіні хабарланған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама