×

Томирис Байсафаның өліміне Дағыстанның экс-премьерінің ұлы кінәлі деп табылды

Күдікті Томирис Байсафаның терезеден өзі абайсызда құлағанын айтып ақталмақ болған

 Қанат Атаманов 24.06.2022 | 20:30
Фото: ашық дереккөздерден

Қазылар алқасы Дағыстанның бұрынғы вице-премьерінің ұлы Муртазали Меджидовтың Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының студенті әрі құрбысы Томирис Байсафаны аудитория терезесінен қасақана құлатты деген шешімге келді.

Күдікті Томирис Байсафаның өзі терезеден абайсызда құлағанын айтып ақталмақ болған. Дегенмен, көптеген сараптамалар мен куәгерлердің айғақтары оның сөздерін жоққа шығарды. Яғни, жігіт студент қызды терезеден әдейі итеріп жіберген. Алайда, бірінші үкім күдіктінің пайдасына шешіліп, ол кінәсіз деп танылған-ды. Марқұмның анасы Жанна Ахметова тергеудің әділ жүргізілуін талап еткеннен кейін прокуратура соттың бұл шешіміне шағым түсіреді.

Енді Измайлов сотында қазылар алқасы жігітті қыздың өліміне кінәлі деген шешім шығарды. Сөйтіп, жас жігіт қазақстандық студентті оқу орнының аудиториясында қасақана өлтірді деп айыпталды. Муртазали Меджидов 13 жыл өмірін темір тордың ар жағында өткізеді.

Еске салсақ, 2018 жылдың сәуір айында қазақстандық студент қыз Томирис Байсафаның Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының терезесінен құлап кеткені хабарланды. Кейін ол 3 мамырда ауруханада көз жұмды.  

Серіктес жаңалықтары

Сараптама