×

Бір соқыр, бірінің мойны бұрылмайды: Алматыда қаңтарда азапталғандар жиналды

Қаңтар оқиғасының салдары: «Антикор бізді ойыншық етіп отыр»

 Халық үні 24.06.2022 | 17:52
фото: Halyq Uni

Бүгін Алматыда Қазақстанның Азаптауға қарсы коалициясы ҮЕҰ БҰҰ-ның азаптау құрбандарын қолдау халықаралық күніне орай жиын өткізді. Оған құқық қорғаушылар, журналистер мен қаңтар оқиғасы кезінде азапталған азаматтар қатысты. Сол жиында айтылған пікірлер мен «Қанды қаңтар» куәгерлерінің айтқан сөзін ықшамдап беруді жөн көрдік.

Ермек Әбдірашев қаңтар оқиғасы кезінде көз алдында граната жарылғанын айтады. Сосын қос жанарынан айырылған Ермекті ауруханадан күшпен алып кетіп, СИ-18 түрмесінде азаптаған. Қазір Әбдірашевтың көзі мүлде көрмейді.

«5 қаңтарда бейбіт митингке шықтым. Құманғазы мен Фурманов көшелерінің қиылысында жарақат алдым. Көз алдымда граната жарылды деп ойлаймын. Есімді жисам, жансақтау бөлімінде жатыр екенмін. Ішімнен автоматпен ұрып орнымнан тұрғызды. Бізді ауруханадан 8 қаңтарда күшпен алып кетті. Сыртқа шыққанымда ыңырсыған, қиналған адамдардың даусын естідім. Көзім ештеңе көрмейді... Бізді СИ-18 түрмесіне алып келді. Біреу ары-бері жүріп, барлығын ұрды. Мен оның барлығын естіп тұрдым. Бізді бір-бірден алып кетіп жатты. Осы уақытта мен суықтан дірілдей бастадым. Сол уақытта қызметкер менің үстіме келіп киім жапты. Екінші қызметкер: «Сен не істеп жатырсың?» деп сұрады. Ол: «көріп тұрсың қой, ол дірілдеп тұр» деді. Содан кейін жаңағы екінші қызметкер менің үстіме суық су құйды. Мен одан сайын тоңдым», - деді Әбдірашев.

Қаңтар оқиғасы кезінде «қару ұрлады» деп айыпталып, бес жылға бас бостандығынан айырылған Бақыт Оңтайдың анасы Ақмарал Байсейтова ұлының әділетсіз сотталғанын айтады. Оның сөзінше, баласын ұрып-соғып мойындатқан. Қазір баласына психологиялық көмек керек.

«Ешқандай айғақ жоқ, дәлел жоқ, ұрып-соғып оларды бес жылға соттап жіберді. Азаптау бойынша дәлел бар. Қазір балаларға психологиялық және медициналық көмек керек. Екі балада өмірге деген құлшыныс жоқ. Баламды 13 қаңтарда ұстап алып кеткеннен кейін, 31 қаңтарда әкесінің миына қан құйылып қайтыс болды. Ұлым - бір әулеттің жалғыз тұяғы. Соның көзін құртты. Жеңісхан Өжеттің анасының осы оқиғадан кейін екі аяғы семіп қалған. СИ-18 түрмесіндегі азаптауда Жеңісхан Өжетке бетонды тістеткен де басынан автоматтың дүмімен ұрған. Қазір тісінің бәрі босап қалған. Менің баламның демалуы әлі күнге дейін нашар. Сол менің жанымды жеп барады. Бауыр, бүйрек, бас барлығы біткен. Қаншама уақыт қан сиді. Бізге көмектесіңіздер! Апелляциялық сот он минут ғана болды. Ашты да, жаба салды», - дейді Байсейтова.

Редакциядан: (Қаңтар оқиғасынан кейін «қару ұрлады» деген айыппен Жеңісхан Өжет пен Бақыт Оңтай бес жылға бас бостандығынан айырылған. Бұл Қаңтар оқиғасына байланысты шыққан алғашқы сот үкімі. Соттан кейін айыпталушылардың ата-анасы мемлекеттік адвокаттың 800 мың теңге ақша алғанын айтқан).

17 жастағы Сәкен Тәліповтың анасы Кәмшат Дербісәлиева ұлының бес айдан бері қамауда жатқанын айтады. Оның сөзінше, полиция қызметкерлері баласын азаптаған, осы уақытқа дейін СИ-18 түрмесінде бірнеше рет есінен танып қалған.

«Ұлым бес айдан бері қамауда жатыр. Оны полиция жұмыс орнынан алып кеткен. Ұлымды прокуратурада ұрып-соғып, моральдық-психологиялық қысым көрсеткен. Баламның СИЗО-да бірнеше рет қан қысымы көтеріліп, тілін жұтып, есінен танып қалған. Ұлыма ешқандай медициналық көмек көрсетіліп жатқан жоқ. Емдеген сияқты болды. Бірақ толық ем алған жоқ. Баламды құқық қорғаушылардың көмегімен невропатологқа көрсеттім. Ол ұлымның көзі көрмейтінін, мойнын бұра алмайтынын айтты. Азаптау бойынша Антикорға арыз жазғанбыз. Ол бойынша 3-наурызда іс қозғалған. Тергеуші ұлыма бір-ақ рет келген. Антикор адвокатыма «істе қылмыстық құрам жоқ» деген хат келген. Бірақ кеше балама барсам, Антикор іс жүргізіліп жатыр деген хат жіберіпті. Антикор ұлымның ісін бірде қозғап, бірде тоқтатып бізді ойыншық етіп отыр», - дейді Дербісәлиева. 

Есдәулет Қызырбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама