«Әділдік жолы» РҚБ-ның араласуымен бұл жағдайға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды
Биыл сәуір айында, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қаласы бойынша филиалына, Алматы қаласындағы емдеу мекемелерінің заңсыз әрекеттері туралы азаматша «Б» арызданған.
Азаматша «Б» Алматы қаласы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментіне жас маман ретінде жұмысқа орналасқаннан кейін, осы басқарма басшыларының бірімен жанжалдасып, осыған байланысты өз еркімен жұмыстан кетуге мәжбүр болғаны анықталды.
Жұмыстан шығарылғаннан кейін, азаматша «Б» оны ешбір заңды негізсіз Психикалық денсаулық орталығына динамикалық есепке қойғандығы туралы кездейсоқ білген.
Алдын ала тексеру нәтижелері және уәкілетті медициналық органдардан алынған жазбаша жауаптар арыз берушінің деректерін толығымен растаған.
Атап айтқанда, өтініш берушінің Психикалық денсаулық орталығына ешқашан жүгінбегені, осы емдеу мекемесінде емделмегені және емделмейтіні, психикалық аурумен ауырмағаны анықталды.
«Әділдік жолы» РҚБ Алматы қаласы бойынша филиалының, азаматша «Б» мүддесінің пайдасына Алматы қаласы Бостандық ауданының полиция бөліміне жазған арызының негізінде, 2021 жылдың 22 маусымында ҚР Қылмыстық кодексінің 206-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды (Электрондық жеткізгіште сақталатын, ақпараттық жүйеде қамтылатын немесе телекоммуникациялар желісі бойынша берілетін, заңмен қорғалатын ақпаратты қасақана құқыққа сыйымсыз жою немесе түрлендіру, сол сияқты ақпараттық жүйеге көрінеу жалған ақпарат енгізу, бұл азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін елеулі түрде бұзу).