Мүшелікке кандидат мәртебесін Грузия да алуы мүмкін
Брюссельде өткен Еуропа одағы саммиті Украина мен Молдоваға одақ мүшелігіне кандидат статусын беру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Еуропалық кеңестің төрағасы Чарльз Мишель Twitter-дегі парақшасында жариялады.
Еуропалық кеңес Украина мен Молдоваға ЕО мүшелігіне кандидат мәртебесін беру туралы шешім қабылдады. Бұл ерекше тарихи сәт. Бұл сіздердің Еуропалық Одаққа өту жолыңыздағы шешуші қадам болып табылады, – деп жазды Мишель.
Бұған қоса ол Еуропалық кеңестің Грузияға да кандидат мәртебесін беруге дайын екенін, бірақ ел билігі бірқатар шарттарды орындағаннан кейін ғана бұл мүмкін болатынын атап өтті.
Еуропалық кеңес төрағасының сөзін Twitter-дегі парақшаларында Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен мен Люксембург премьер-министрі Ксавье Беттель де растағанын атап өту керек.
Еске сала кетсек, Украина Еуроодаққа мүше болуға қаңтар айында өтініш берген еді.