×

Атырауда қаңтарда басына оқ тиіп, мерт болған жігітке қатысты қылмыстық іс қысқартылды

Марқұмның әпкесі қаулымен еш келіспейтінін айтады

 Айнұр Асылбекқызы 23.06.2022 | 23:33
фото: марқұм Алмаз Берекенов

Атырауда қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан Алмаз Берекеновтың өлімі бойынша қылмыстық іс қысқартылды.

Еске салсақ, ол 5 қаңтар күні Атырау облысы әкімдігі ғимаратының артында басынан оқ тиіп, мерт болған. Ол сол күні Атырауда митингіге шыққандардың бірі.

Алмаз Берекеновты тергеу ісі 5 қаңтар күні басталып, қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша жүргізілді. Істі Атырау облысы полиция департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасының аға тергеушісі Даурен Айдосынов жүргізген. Іс бойынша жәбірленуші Жанат Берекенова 27 қаңтар күні інісінің өліміне кінәліні тауып, шарасын алуды сұрап, полицияға арыз жазған. Берекеновты өлтіру дерегі бойынша іс Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабының 1-бөлігі 2-тармағы бойынша 29 сәуірде қысқартылған.  

Алайда, марқұмның әпкесі Жаннат Берекенова бұл туралы 21 маусым күні бір-ақ білген.  

Маған полиция департаментінен істің тоқтатылғандығы жөнінде хат пошта арқылы үйіме 21 маусымда кешке келді. Хат 23 мамырда жазылған. Мен ертесіне таңда тергеушіге телефон соқтым. Ол хаттың пошта арқылы 16 маусымда жіберілгенін айтты. Мен одан істің тоқтатылайын деп жатқанын неге өзіме алдын ала хабарламағанын, қаулымен неге алдын ала таныстырмағынын сұрадым. Тіпті, істі жауып тастайтындай менің інімнің қазасына кінәлі адам менімен, біздің отбасымызбен, туыстарыммен кездескен жоқ, көңіл айтып келген жоқ. Неге кешірім сұрап келмейді? Полиция басшылары мені кездесуге де шақырған жоқ. Мұны да тергеушіге жеткіздім, - дейді Берекенова.

Ол інісін өлтіру дерегі бойынша қылмыстық істің тоқтатылғандығы жөнінде қаулының көшірмесін бүгін, 23 маусым күні таңертең облыстық полиция департаментіне барып алған. Оны алудың өзі оңай болмапты.

Ол қаулымен еш келіспейтінін айтады. Қаулыда көрсетілген інісінің қазасына кінәлі адамды өзімен, отбасымен, туыстарымен кездестіруді сұрап арыз жазып кеткен.

Себебі, қаулыда інісіне қарай оқ атқан полиция қызметкері іс бойынша күдікті емес, куәгер ретінде қатыстырылған. Тергеуші Айдосыновқа хабарластық. Оның айтуынша, полиция қызметкері қаруды өзін қорғау үшін қолданғанын және оны заңды әрекет деп таныған» деп жауап берді.
Ал Берекенова қаулыны заңсыз деп тану туралы және істің әділ өтуін талап етіп, прокуратураға арыз бермек. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама