Денсаулық сақтау министрлігі шешімін өзгертуі мүмкін
Тараз қаласында бір топ ата-ана облыс әкімдігінің алдына жиналып, мәселе көтерді. Олардың айтуынша, созылмалы «Целиакияға» (сирек кездесетін ауру) шалдыққан балаларына тегін берілетін тағамдарды тоқтатып тастаған.
Арнайы ұнтақтар асқазан-ішек жолдары істемейтін балаларға екі жылдан бері берілмей келеді екен. Олар балаларға деген тағам түрлерін тендерді ұтқан компаниялар жарты жолда «жеп қойды» деп есептейді.
Облыс әкімдігің алдына жиналғандар – бірнеше ауданнан келген ата-аналар. Облыс бойынша ауыр дертке шалдыққан (Целиакия) 53 бала глютенді ақуызы бар тағамдарды қорыта алмайды екен. Яғни, құрамында бидай мен өзге дәнді-дақыл бар ас-суды сіңіре алмайды. Ендігіде ата-аналар балаларына қажетті тағамды тегін беруін талап етіп отыр.
Балаларымыз тек қана глютенсіз тамақ ішуі керек. Ол тағамдар Германиядан алынады. Басқа тамақ жесе іші өтіп, аллергиясы асқынып кетеді. Өмір бойы диетада жүреді. Егер диетаны сақтамаса асқазаны рагы пайда болуы мүмкін. Енді тегін тамақтан қағылып отырмыз. Не істейміз?, - деді Байзақ ауданынының тұрғыны Айжан Оразбаева.
Бұл балаларды ІІІ топтағы мүгедектігі барлардың қатарынан алып тастағаны да ата-аналарға салмақ болып отыр. Қазір әрқайсына ұнтақ үшін 60-100 мың теңгеден ақша жұмсап, көрші облыстардағы ата-аналардан алдырады екен. Ал, Жамбыл облысында тендердегі шикіліктер бойынша бұл проблемаға айналған.
«Неше жылдан бері жауаптылардың табалдырығын тоздырып келеміз?! Әйтеуір бір бапқа сүйеніп, «берілмейді» деп жауап береді. Арнайы тағамдар 2017 жылға дейін тегін беріліп келген екен. Бірақ ешқайсысымыз алмағанбыз. Бізге олар да айтпаған. Бір емес, екі рет тендер ұтып алынған. 53 баланың ешқайсына бұйырған жоқ. Бірақ Алматы, Шымкент, Астана басқа қалалар алып жатыр. Тағы бір айтарым, бұл ауруға шалдыққан балаларды Тараз қаласының емханалары қабылдамайды, тіпті емдемейді. Түнде балам қатты ауырып, дәрігерге апардым. Ештеңе жасай алмаймыз деп шығарып салған», - деді тағы бір ата-ана Гүлнәр Қожаниязова.
Аймақтың бас дәрігерінің айтуынша, биылдан бастап «Целакия» дерті Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен сирек кездесетін аурулар санатынан сызылып тастайды. Сондықтан тағам таратуды тоқтатыпты. Бұған дейін үздіксіз берілгенін мойындап отыр. Енді министр бұйрығын қайта өзгертіп қаматамасыз етуді қолға алмақ.
Осы шілде, тамыз айларында бұл сұрақтардың бәрі шешілу керек. Жоспарымыз бойынша қыркүйек айынан бастап бұл балаларды арнайы осы қосымша тамақпен қамтамасыз етеміз. Сонда 53 балаға шамамен 50 млн теңгенің үстінде қаражат керек болады, - деді Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.
Әкімдік алдына жиналған ата-аналарды басқарма басшысының жауабы жұбатқандай болды. Бірақ, мәселе шешілген күннің өзінде олар баласына қажетті тағамды өзі ала тұруы керек.