Сағынтаев бүлік кезінде оққа ұшқан әйелдің отбасымен кездесті

Халық үні

Алматы әкімі көңіл айтып, көпбалалы отбасына баспана бөлу мәселесін бақылауға алды

фото: ашық дереккөзден

5 қаңтар күні кешке Жанар Өтегенова қаладағы келеңсіз жағдайға қарамастан көшеге шығуға мәжбүр болған – оның жаңа туған сәбиіне шұғыл түрде дәрі-дәрмек керек еді.

Лаңкестердің оғына түскен 35 жастағы келіншек алған жарақатынан көз жұмды.

Оның жұбайы Нұрсұлтан Бүркітбаев 2014, 2017, 2019 және 2021 жылдары туған төрт баласымен қалды.

Ерлі-зайыптылар балаларымен жалға алынған уақытша баспанада тұрды.

Бүгін Бақытжан Сағынтаев Нұрсұлтан Бүркітбаевпен кездесіп, оның зайыбының қаза болуына байланысты көңіл айтты. Сондай-ақ оның тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмек көрсету туралы өтінішін жеке бақылауына алды.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Президент «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты.