Сағынтаев бүлік кезінде оққа ұшқан әйелдің отбасымен кездесті
Алматы әкімі көңіл айтып, көпбалалы отбасына баспана бөлу мәселесін бақылауға алды
5 қаңтар күні кешке Жанар Өтегенова қаладағы келеңсіз жағдайға қарамастан көшеге шығуға мәжбүр болған – оның жаңа туған сәбиіне шұғыл түрде дәрі-дәрмек керек еді.
Лаңкестердің оғына түскен 35 жастағы келіншек алған жарақатынан көз жұмды.
Оның жұбайы Нұрсұлтан Бүркітбаев 2014, 2017, 2019 және 2021 жылдары туған төрт баласымен қалды.
Ерлі-зайыптылар балаларымен жалға алынған уақытша баспанада тұрды.
Бүгін Бақытжан Сағынтаев Нұрсұлтан Бүркітбаевпен кездесіп, оның зайыбының қаза болуына байланысты көңіл айтты. Сондай-ақ оның тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмек көрсету туралы өтінішін жеке бақылауына алды.
2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Президент «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты.