×

Мәжілісте медициналық сақтандыру қорын тарату ұсынылды

Қаржы министрлігі медицина саласындағы келеңсіздіктерді жоюды талап етті

 Динара Амантай 23.06.2022 | 17:00
фото: Halyq Uni

Кеше Мәжіліс депутаттары медициналық сақтандыру қорының қажеттілігіне күмән келтіріп, оны тарату мәселесін қарауды ұсынды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Медициналық сақтандыру қорын талқылау екі ведомствоның өзара айыптауларымен аяқталды. Денсаулық сақтау министрлігі осал топтағы адамдарды емдеу үшін аз қаржы бөлінетіндігіне шағымданды. Бұған жауап ретінде Қаржы министрлігі медицина саласында орын алып жатқан келеңсіздіктерді жоюды талап етті.

Нақтырақ айтсақ, дәл қазіргі уақытта осал топтағы 3 миллиондай азаматтарды Қаржы министрлігі қаржыландырып отырған жоқ деп айтылды. Бұл шынайы ақпарат – деді  Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС қызметін үйлестіру департаментінің директоры Гүлжан Шайхыбекова.

Алайда оның сөздерін Қаржы министрлігінің өкілі жоққа шығарды.

Дәл бұлай 3 миллион қаржы бөлінбей отыр деп айтудың қажеті жоқ. Бұл өтірік. Қаржыны есептеу барлық 15 санаттағы азаматтарға арналған. Егер жүйенің жұмысын толық ретке келтірсеңіздер, тарифтерді қарастыруды қолға алсаңыздар қаржы жеткілікті болады, ақша өздігінен табылады. Осылайша тарифтердің көтерілуі қамтамасыз етіледі, - деді Қаржы вице-министрі Татьяна Савельева.

Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі тарифтер нарық бағасына сәйкес келмейді деп есептейді. Бірақ Қаржы министрлігі олардың өсуіне қарсы пікірде. Қаржыгерлер бұл саладағы тарифтердің қалай қалыптасатыны ашық көрсетілуі қажет деп есептейді. Өйткені, қордан түскен ақша емделуге ғана емес, медицина қызметкерлерінің жалақысы мен сыйақысына, ғимараттарды жалға алуға және басқа да әкімшілік шығындарға кетеді.

Бұған қоса медициналық ұйымдарда науқастарға ақша жұмсауға шектеу қойылған. Сондықтан дәрігердің қабылдауы келесі айға жылжып отыратыны жиі кездесетін жағдай. Мұның бәрі мекеме бөлінген қаржыны әлден игеріп қойғандығынан болады. Медицина мекемелерінің бұндай жұмыс істеу тәсілі қазақстандықтар тарапынан әлденеше рет сынға ұшыраған еді. Ал бүгін бұл сақтандыру жүйесін мүлдем алып тастау туралы сөз қозғалды.

«Бүгінде осыған байланысты әртүрлі пікірлер бар. Соның ішінде бұл ұйымды Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағынан шығару туралы, тіпті жалпы оның қажеттілігі бар ма деген пікірлер бар. Ол медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында құрылған еді. Бірақ көріп отырғанымыздай, қолжетімділік те, сапа да атымен жоқ. Сондықтан көпшілік бұл органның тиімділігі мәселесін көтеріп отыр», – деді депутат Гүлдара Нұрымова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама