«Қаржы қарастырылмаған». Елордада EXPO кешенінің дәретханалары тозып жатыр
EXPO-2017 халықаралық көрмесін ұйымдастыруға жалпы 530,5 млрд теңге бөлінген
Нұр-Сұлтанда қомақты қаржы бөлініп, салынған EXPO кешенінің дәретханалары тозып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Қаланың Есіл ауданы әкімдігінің мәліметінше, бүгінде EXPO-2017 кешенінде 3 дәретхана орналасқан. Олар штаттық режимде жұмыс істейді.
Halyq Uni тілшісі EXPO кешенінде 4 дәретхана барын, олардың тек екеуі ғана жұмыс істейтінін анықтады. Бірақ олардың да жағдайы мәз емес.
Суреттерден дәретханалардың тозғанын көруге болады.
Сондай-ақ бұл әжетханаларға мүмкіндігі шектеулі жандар кіре алмайды. Себебі, ондағы есік жабық тұр.
Есіл ауданының әкімдігі Halyq Uni редакциясының ресми сауалына «EXPO-2017 кешеніндегі дәретханалар қаланың басқа бөлігінде орналаспаған» деп жауап берді.
Алайда қаладағы Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының маңында EXPO кешеніндегі әжетханаға ұқсайтын нысан тұр. Онда EXPO халықаралық көрмесінің белгісі бар. Нысан қаңырап бос тұр.
Есіктегі белгіден оның бұрын дәретхана болғанын аңғаруға болады.
Сонымен қатар Есіл ауданының әкімдігі 2022 жылы әжетханаға санын көбейтуге қаржы бөлінбейтінін, әрі қалада дәретханаға қажеттілік барын атап өтті.
Биыл қоғамдық дәретханаларды көбейтуге қаржы көзі қарастырылмаған. Модульдік және стационарлық дәретханаларды Ботаникалық баққа – 1, Орталық саябаққа – 1, Есіл өзені бойындағы саябаққа – 1, Есіл өзені жағалауындағы Амфитеатр аумағына – 1 дәретхана орнату керек, - деп жазылған ресми сауалда.
Айта кетейік, EXPO-2017 халықаралық көрмесі астанада 2017 жылдың 10 маусымынан 10 қыркүйегі аралығында өтті. Оған 115 елден, 22 халықаралық ұйымнан 4 млн-ға жуық адам келген еді.
2018 жылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Астананың дамуы тақырыбына арналған мәжілісте халықаралық көрме жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өткен болатын.
Жалпы EXPO-2017 халықаралық көрмесін ұйымдастыруға 530,5 млрд теңге бөлінген.