Ол рөлге ие бола алмай, көлігі жолдың жиегіне шығып кеткен
Тау ауылдық округінің әкімі Нұрлыбек Төрешов рөлге ие бола алмай, жол апатына ұшырады. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
ПД мәліметінше, жол апаты 23 маусым күні сағат 01:50-де Жәнібек-Таловка жолының 25-ші шақырымында, Тау ауылына жақын жерде болған.
«Фольксваген Поло» көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлігі жолдың жиегіне шығып кетіп, аударылып қалған. Көліктің ішінде жалғыз өзі болған. Ол алған жарақаттарынан сол жерде көз жұмды. Мәйіт сот-медициналық сараптамадан өту үшін мәйітханаға жіберілді, – делінген хабарламада.
Марқұм Тау ауылдық округінің әкімі болып жұмыс істеген. 34 жастағы Нұрлыбек Төрешовтың артында жұбайы мен төрт кішкентай баласы қалды. Жәнібек аудандық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, ол өте белсенді, ақжарқын, шыншыл адам болған.
Ауылдық округтердің үздік әкімдерінің бірі болды. Оның бойында барлық жақсы қасиеттер бар еді. Бұл орны толмас қаза. Кеше ғана ол мемлекеттік қызмет күніне арналған барлық шараларға қатысқан еді. Ол ақжарқын және ақкөңіл болатын. Спортпен де шұғылданған, – деп атап өтті департаментте.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі «Жол қозғалысы ережелерін бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.