Halyq Uni логотип
×

Сапасыз қызмет көрсеткен байланыс операторларына жауапкершілік күшейеді

Заңда көлікті нөмірсіз басқарғандарға да жазаны күшейту қарастылған

 Дәурен Ерболат 23.06.2022 | 14:17
Сапасыз қызмет көрсеткен байланыс операторларына жауапкершілік күшейеді
Фото: mobilaser.kz

Сенаттың жалпы отырысында «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қабылданды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Құжат Президент тапсырмаларын іске асыру, байланыс қызметі саласында тұтынушылардың құқықтарын тиімді қорғауды қалыптастыру үшін әзірленді.

Бүгінде 3 мегаполистің кейбір аудандарында интернет жылдамдығының сапасы сын көтермесе, ал ауыл аймақтардағы жағдай одан да нашар екені жарысын емес. Цифрлық даму министрлігінің деректеріне сүйенсек, байланыс сапасына қатысты шағымдар саны 2019 жылмен салыстырғанда өткен жылы 10 есеге жуық көбейген. Осыған байланысты депутаттардың бастамасымен әзірленген заң жобасы байланыс пен интернет қызметтерін көрсету саласында тұтынушылардың құқығын тиімді қорғауға, байланыс сапасын одан әрі арттыруға бағытталған, - деді сенат депутаты Рысқали Әбдікеров.

Заң жобасында телефон, ұялы байланыс және интернет қызметтерін көрсету қағидаларын бұзғаны үшін байланыс операторларына қатысты әкімшілік жауаптылық ескерілген.

Сондай-ақ байланыс операторлары көрсететін қызметтердің сапасын арттыру, интернет сапасының белгіленген талаптарға сәйкес келмегені үшін айыппұл мөлшерін ұлғайту қарастырылған.

Құжат аясында бюджеттік бағдарламалардың бірінші басшысының қарыз шартында белгіленген мерзімде мемлекеттік сыртқы қарыз қаражатын игермегені үшін әкімшілік жауаптылығын белгілеуге қатысты түзетулер енгізілді.

Алкоголь өнімінің айналымы және этил спиртін өндіру бойынша кейбір терминдер нақтыланды, сонымен қатар темекі өнімдерін сәйкестендіру құралдарымен таңбалау ережелерін сақтау бойынша талаптар белгіленді.

Сондай-ақ қару-жарақ айналымына қойылатын талаптарды қатаңдату ескерілген, әрі мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерінсіз немесе оларды пайдалануға тыйым салынғаннан кейін көлік құралдарын қайта басқарғаны үшін жауаптылықты белгілеу бойынша түзетулер енгізіледі.

Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамағаны үшін жауапшылықты қатаңдату бөлігінде түзетулер көзделген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама