Шығынға батқан кәсіпкерлер қарызын өтей алмай отыр
Петропавлдық тасымалдаушылар шығынға бата бастаған. Себебі, олар уәде етілген субсидияны уақытылы ала алмай жүр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Тиесілі субсидияға қолы жетпей жүргендер Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің отырысына қатысты. Жиын барысында облыстық автокөлік одағы қауымдастыының төрайымы Галина Семенова қарыз сомасы 500 миллион теңгеден асатанын мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетейік, тасымалдаушылар шаһардағы әлеуметтік маңызы бар бағыттарға қатынайды және азаматтардың жекеленген санаттарын жеңілдікпен тасымалдайды. Сол үшін мемлекет оларға субсидия қарастырып отыр. Кәсіпкерлер лизингке жалпы құны 40 миллион теңге тұратын қымбат автобустар сатып алған. Енді жеті жыл бойы «Солтүстік» ӘКК қарызын төлеуге тиіс. Келісімшарт орындалмаса, әр күн үшін 0,1% жоғары өсімпұл есептеліп отырады.
«Біз былтыр қыркүйек айында жұмыс істей бастадық. Қараша айында субсидия төлеген жоқ. Бірақ сол кезде қиындықтан өз күшімізбен, лизинг төлемдерінен өтедік. Желтоқсан айында 2021 жылға субсидиялауға салынған қаражат жеткіліксіз екені белгілі болды. 450 млн төленеді деген әңгіме болған. ӘКК біздің есепшоттарымызды бұғаттап, өсімпұл жүре бастады. Облыс әкімдігіне, кәсіпкерлер палатасына жүгіндік. Сол кезде облыс әкімдігі бюджетті нақтылау кезінде қалалық әкімдікке субсидиялар бойынша берешекті өтеуге қаражат аударуға мүмкіндік табатыны туралы келісімге қол жеткіздік. Бұл қаражат бөлінбесе, лизингті төлей алмаймыз. Қазірдің өзінде шығынға батқандар бар. Бүгінде кәсіпкерлердің бірі қызметкерлеріне жалақы төлей алмай отыр», - деді «СҚО Автокөлік» одағының төрайымы Галина Семенова.
Тасымалдаушыларға биыл қаңтар, ақпан, наурыз және суір айлары үшін субсидия төленді. Ал мамыр айына қаражат әлі аударылмапты.
«Субсидиялауды есептеу тасымалдаушылардың өздерімен бірге жүргізілді. Сол кезде 450 млн теңгеге тоқтадық. Былтыр төртінші тоқсанда жанар-жағар май бағасы көтерілді. Тасымалдаушылардың шығыны көбейді. Қосымша есептеу жүргізілді. Қазір қарыз пайда болды. Біз облысқа бюджеттік өтінім жаздық. Оның негізін дәлелдедік. Ал біз қалалық бюджеттен бұл қарызды төлей алмаймыз», - деді Петропавл қаласы әкімінің міндетін атқарушы Жанболат Батырбеков.
Айта кету қажет, бүгінде Петропавл қаласында күніне 14 бағыт бойынша 250 автобус қатынайды.