Тексеру нәтижесінде әкімшілік іс қозғалды
«Алтын орда» базарының сауда нарығына қатысты бәсекелестік заңнаманы сақтауды тексеру нәтижесі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алматы облысы бойынша монополияға қарсы Департамент мамандары 2022 жылғы наурызда "Altyn Orda QazTrade LTD" ЖШС қызметіне тексеру жүргізген. Тексеру барысында сауда орнын күнделікті жалға алу бағасы жүк көлігінен 15 000 теңге, КАМАЗ және MAN автокөліктерінен 7000-8000 теңге, Sprinter автокөлігінен 6000-7000 теңге, ГАЗель автокөлігінен 5000 теңге, жеңіл автокөліктерден 3500 теңге екені анықталды.
Сонымен бірге Алматы облысы бойынша монополиямен күрес департаменті сауда орындарын ұсыну қызметтері нарығындағы бәсекелес ортаның жай-күйіне талдау және бағалау жүргізген. Талдау нәтижесі бойынша «Altyn Orda QazTrade Ltd» ЖШС 100% үлесімен монополист екені, бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзғаны анықталған.
Тексеру қорытындысы бойынша 2022 жылдың мамыр айында «Altyn Orda QazTrade LTD» ЖШС-не қатысты әкімшілік іс қозғалды. Материалдар Алматы облысы Қарасай әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды, - делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, бұған дейін «Алтын Орда» базарында салық заңнамасын бұзушылықтар анықталғаны туралы жазған едік.