Атасы мен немересін іздеуге Шалқар көліндегі құтқару бекетінен 5 адам бір қайықпен шыққанымен, іздестіру шаралары нәтиже бермейді
Батыс Қазақстан облысы Төтенше Жағдай департаментінің баспасөз қызметінен алынған мәліметке қарағанда, оқиға 22 маусым күні сағат 16.45-те Теректі ауданы Сарыөмір ауылы маңындағы Шалқар көлінде болған.
Үрлемелі матраста ата-анасының қарауынсыз қалған 8 жасар ұл баланы желдің әсерінен ағыс көлдің ортасына қарай алып кеткен. Оны құтқарамын деп 1957 жылғы атасы ұмтылған.
Теректі ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Жарас Көпжасаровтың айтуынша, атасы мен немересін іздеуге Шалқар көліндегі құтқару бекетінен 5 адам бір қайықпен шыққанымен, іздестіру шаралары нәтиже бермейді.
Содан кейін іздестіру жұмыстарына «ҚазАвиаҚұтқару» АҚ ұшағы қосылды. Сағат 23.00-де ер адамды құтқарушылар мен туыстары тапты, жағдайы қанағаттанарлық. Баланы іздестіру жұмыстары жалғасуда, - деді Жарас Көпжасаров.
Сондай-ақ, 22 маусым күні Ақсай қаласында кешкісін тағы бір оқиға орын алды. Сағат 20.08-де Аралтал шағынауданы маңында 1982 жылғы ер адам Шыңғырлау өзеніне батып кеткен. Мұнда да құтқарушылар іздестіру жұмыстарын жүргізуде.