Назарбаев мектебіндегі дау: «Бар айыбымыз - қазақ болып туып, қазақша оқығанымызда ғана»
НЗМ-дегі дискрминация, грант бөлудегі әділетсіздік
Алматыдағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде дау шықты. «Өркен» бағдарламасы аясында оқуға тапсырған балалардың ата-анасы қазақ және орыс тобына бөлінген гранттар әділ бөлінбегенін айтады. Олар бұны қазақ тілінде оқитын балаларды алалау деп есептейді.
Математика пәнінің мұғалімі Дархан Ардақұлы қазақ тобына тапсырған балалардың жиған балы орыс тобының оқушыларымен салыстырғанда әлде қайда жоғары екенін жеткізді. Бірақ соған қарамастан қазақ тобында оқитын балалар грантқа ілінбей қалған.
«Өткен аптада мемлекеттің «Өркен» деген гранты берілді. Жетінші сынып оқушылары соған емтихан тапсырды. Осыдан кейін гранттар бөлінеді. Біздің наразылыққа шыққан себебіміз, қазақ тобына бөлінетін гранттар санын азайтып тастаған. Ал орыс тобына бөлінген грантты керсінше көбейтіп жіберген. Бұған қоса, орыс тобындағы балалардың балы әлдеқайда төмен болып тұр. Қазақ тобындағы балалардың балы жоғары болса да грантқа өтпей қалды. Біз бұны әділетсіздік деп санаймыз», - дейді Ардақұлы.
Ардақұлының сөзінше, химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне қазақ тобының балалары орыстармен салыстырғанда екі есе көп тапсырған. Осыған қарамастан гранттар екі топқа да тең берілген.
«Қазақ тобына шамамен 1480 оқушы тапсырды. Орыс тобына 700-ге жуық оқушы тапсырды. Екі топқа да жүзден грант бөлінген. Қазақ тобында бір орынға 15 бала, ал орыс тобында 7 бала таласады. Қазақ тобында бәсеке екі есе, гранттар саны тең. 100 орында тұрған қазақ тобы мен орыс тобындағы балалардың балл айырмашылығы 60 балл болып тұр. 140 орында тұрған қазақ тобы баласының балы 100 орында тұрған орыс тобының оқушысының балымен бірдей. Яғни, біз 40 оқушының өміріне қиянат жасап жатырмыз. Бұл балалар қазақ тобында оқығаны үшін ғана грантқа түсе алмай тұр. Егер олар орысша оқыса түсіп кететін еді. Біз бұны тілдік кемсіту деп есептейміз. Біз қазақ тілінде кемінде тағы екі сынып ашуды талап етеміз», - деді Ардақұлы.
Баласы оқуға түспей қалған ата-ананың бірі Тимур Шынтаевтың ұлы 111-орын алған. Егер орыс тобында болса 75 орынмен грантқа түсер еді.
«Менің балам 1174 балл жинап, қазақ тобында 111-орын алды. Егер орыс тобына тапсыратын болса, 75-орынмен грантқа түсіп кетер еді. Біздің жалғыз ғана айыбымыз - қазақ болып туып, қазақша оқығанымызда болып тұр. Мектептің басшылығына үш рет бардым. Бірінші күні алтыға дейін жұмыс істейтін қызметкерлер төртте кетіп қалған. Екінші күні директор жоқ деді. Үшінші күні директор қабылдамайды, сайтқа кіріп алдын ала жазыласыз деп айтты. Мен сонымен өзімнің наразы екенімді айтып кеттім. Білім министрлігіне, Президент әкімшілігіне жаздым. Әзірге ешқандай жауап берген жоқ. Қашан жауап беретінін білмеймін», - дейді Шынтаев.
Басында мектеп қақпасын құлыптап тастап, кейіннен ата-аналар мен журналистер хабарласқаннан кейін сыртқа шығып, өзін мектеп директорымын деп таныстырған Гүлмира Бақытбекқызы гранттардың бөлінуіне жауап бере алмайтынын айтты. Оның сөзінше, мектеп бекітілген ережеге сәйкес жұмыс істейді.
«Грант бөлуді мектеп шешпейді. Бізде республикалық комиссия бар. Сол комиссия бізге балалардың тізімін береді. Сол тізім бойынша балаларды қабылдаймыз. Ереже бар, сол ереже бойынша, мектептің жоспарлық күш-қуатын қарайды. Республикалық комиссия бұл аймақта қанша қазақ сыныбы бар, қанша орыс сыныбы бар екенін қарайды. Биыл бізге берген мәлімет бойынша, Алматыда алтыншы сыныптағы балалардың саны - 33 420. Оның ішінде 15 536 бала қазақ сыныбын, 17 884 бала орыс сыныбын бітірген. Барлығын республикалық комиссия шешеді. Мен оған ешнәрсе деп айта алмаймын», - дейді Бақытбекқызы.
Есдәулет Қызырбекұлы, Алматы