Бос сөз көп, нақты іс аз, - дейді ол
Кеше әлеуметтік желіде белгілі журналист Дина Имамбай Алматыдағы «Сәнім» дәмханасынан мемлекеттік тілдегі ас мәзірін ала алмай, кафе әкімшісінің өзіне дөрекі жауап бергенін жазған еді. Бүгін ол «Сәнім» кафесінің әкімшісі қазақша ас мәзірі дәптері он күнде дайын болатынына уәде бергенін айтты.
«Қолдау білдірген барша жұртқа алғыс айтамын. Көп болып талап етсек түзелмейтін кемшілік жоқ.
Мемлекеттік тілді құрметтемейтін басқа ұйым-мекемелерге де сабақ болсын.
Мұндайда ең дұрысы, Айбар Олжаев көрсеткендей, электронды үкімет сайтында шағым қалдыру екен. Оны ешкім өшіре алмайды, онымен санасуға мәжбүр болады. Мемлекеттік тілді менсінбейтіндермен тек заң тілінде сөйлесіп үйренейік», - деді ол.
Ал сарапшы кез келген адамның өзінің азаматтық құқығын қорғау үшін заңға жүгініп, заң тілімен сөйлесу керектігін айтты. Ол «Сәнім» кафесі әкімшісінің занның бірнеше баптарын бұзғанын, ол арыз түскен жағдайда заң алдында жауап беретінін атап өтті.
Осы ретте, сарапшы азаматтар мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді талап етсе, бос сөз бен соның айналысындағы шу көбейіп кететінін, ал нақты іс пен нақты шағымдардың аз болатынын,
заңның қағазға немесе ЭЦП арқылы қол қойылғанда ғана жұмыс істей бастайтынын ескертті. Одан әрі ол «Сәнім» кафесіне қатысты жағдай туралы өз ойларын айтты.
«Сәнім» кафесі заңды бұзды ма? Иә, бұзды. Себебі, бізде 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жұмыс істейді. Ол Заң - 1997 жылғы «Тілдер туралы» Заңның 21-бабына толықтырулар енгізіп, менюдің міндетті түрде қазақ тіліндегі нұсқасы болу керектігін міндеттейді.
Осы Заң бұзылса жаза қандай болады?
«Әкімшілік құқық бұзушылықтар» туралы ҚР Кодексінің 75-бабына сәйкес, айыппұл көлемі 10 АЕК болады. Биыл ол 30 630 теңге болды. Егер Дина Имамбай «Сәнім» кафесінде қазақ тілінде меню жоқ екенін растай алса, осы айыппұлды мемлекеттік бюджет есебіне өндіртіп алуға болады.
ЭЦП болса, онлайн шағымдануға бола ма?
«Сәнім» кафесі бойынша кейс – әкімшілік құқық бұзушылық. Бір қызығы, прокуратураның Қамқор жүйесінде полицияға ЭЦП арқылы онлайн түрде тек қылмыстық істер бойынша арыз беруге болатынын байқадым. Әкімшілік арыздарды онлайн беру жүйесін таппадым.
Бірақ egov арқылы Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетіне онлайн шағымдануға болады. Ол құқығымды «Сәнім» кафесіне қатысты пайдаландым. Оған бар-жоғы 2-3 минут кетті», - деді ол.
Одан кейін заңгер тұтынушы ретінде тіл мәселесіндегі өз құқығымызды сөзбен емес, іспен қорғауға кеңес берді.
«Қазақстан цифровизация бойынша әлемдегі үздік елдердің қатарына кіреді. Осы жұмыстардың барлығы сіз үшін, сізге ыңғайлы болу үшін жасалды. Үйде отырып та, шағымдана, арыздана беріңіздер», - деп «Сәнім» кафесіне қатысты арыз-шағымын Бас прокуратураға онлайн түрде тапсырғанын айтты.