×

Қант тапшылығы: 10-12 мың қазақстандық жұмыссыз қалуы мүмкін

Бүгінде қанттың 1 келісі 600-900 теңгеге сатылып жатыр

 Дәурен Ерболат 22.06.2022 | 14:29
Фото: Halyq Uni

Қазақстанда қант тапшылығы мәселесі шешілмесе, 10-12 мың қазақстандық жұмыссыз қалуы мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаев мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ол депутаттық сауалын премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдады.

«Жыл басынан бері қанттың бағасы 61%-ға өсті»

Фахриддин Қаратаев бүгінде әлеуметтік маңызы бар барлық азық-түлік тауары қымбаттап жатқанын, қант тапшылығы мәселесі өзекті екенін атап өтті.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылғы 7 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстандағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары 19,9%-ға қымбаттаған. Оның ішінде жыл басынан бергі кезеңде қант бағасы 61%-ға қымбаттап отыр. Бүгінде республиканың қантқа жылдық қажеттілігі орта есеппен 550-600 мың тоннаны құрайды (ай сайын орта есеппен 45 мың тонна). Мысалы, былтыр қанттың нақты ішкі тұтынылуы 532,5 мың тонна немесе айына 44,4 мың тонна болды, - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

«Қантың 1 келісі – 600-900 теңге»

Оның айтуынша, қазір Қазақстанда қанттың 10%-ы ғана өнідіріледі, қалғаны импортқа тәуелді.

Осыдан 4 ай бұрын басталған қант мәселесі халық арасында әлі дүрбелең тудырып отыр. Өйткені қанттың бағасы шарықтап, 1 келісі 600-900 теңгеге сатылып жатыр. Оның үстіне қант тапшы. Оны кез келген дүкеннен таба алмайсыз. Қант тек белгілі бір сауда орындарында сатылып жатыр. Салдарынан бүгінде қант тұтынатын отандық өнім өндіретін кондитерлік шағын кәсіпкерлерді айтпағанда ірі кәсіпкерлердің өзі жабылуда. Мұндай әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының бұдан әрі өсе беретін болса, ел арасында үлкен дау-дамайға айналуы мүмкін, - деді Фахриддин Қаратаев.

Депутат бұл мәселені шешу үшін мемлекет тарифтік льгота бойынша 350 мың тонна қантқа қолдау көрсетіп отырғанын жеткізді.

«Дегенмен льгота бойынша шетелден қант тасмалдайтын кәсіпкерлерге оны елге алып келуге 4 ай беріліп отыр. Бұл – өте аз. Өйткені әлемдегі экономикалық түрлі санкцияларға байланысты барлық логистика бойынша порттар және тағы басқа транспорттар бос емес. Оның үстіне еліміздегі банктер шет елмен жұмыс жасау үшін қаржы операциялары ұзаққа созылып жатыр», - деді ол.

Осыған байланысты Фахриддин Қаратаев отандық кәсіпкерлерді қолдау үшін қантты тасымалдау мерзімін 5-6 айға дейін ұзартуды, әрі қанттың жылдық қажеттілігін 550-600 мың тоннаға сәйкестендіру үшін 350 мың тоннадан бөлек тарифтік льготаны тағайындауды ұсынды.

Сөз соңында депутат қант мәселесі шешімін таппаса, Қазақстанда жұмыссыздар саны артуы ықтимал екенін айтты.

«Жоғарыдағы аталған мәселе шешімін таппаса, 10-12 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін», - деді Қаратаев.

Сондай-ақ ол депутаттық сауалға заң талаптарына сәйкес жазбаша жауап беруді сұрады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама