Павлодарда арнайы мекеме қызметкерлері мүгедектерге қатыгездік жасаған
Өңірдегі мүгедектердің құқықтары барлық жерде бұзылады
Павлодар облысының прокурорлары медициналық-әлеуметтік мекемелерде мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты зорлық-зомбылық жасалғанын анықтаған. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлады.
Жергілікті атқарушы органдардың жұмысын тексеру кезінде Павлодар облысында мыңнан астам мүгедек жанның әлеуметтік қызметтер мен арнайы құралдарды ала алмағаны белгілі болды.
Ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қызмет көрсетуге бюджеттен бөлінген 13 миллион бюджет қаражаты заңсыз жұмсалған және ұрланған. Бірден бірнеше медициналық және әлеуметтік мекемеде мүмкіндігі шектеулі жандарды стандартқа сай емес және сапасыз өнімдермен тамақтандырған.
Медициналық-әлеуметтік мекемелердің бірінде мүгедектерге қатыгездікпен қарау фактілерін анықтадық. Тексеру барысында бейнекамералардан қатты дискілер алынды. Видеодан санитардың қатыгездік танытатынын, мүгедектің қолын бұрап жатқанын көрдік. Біздің өңірдегі мүгедектердің құқықтары барлық жерде бұзылады, - деді Павлодар облысы прокуратурасы қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының бастығы Асхат Қоқымбаев.
Прокурорлар шенеуніктерге 45 қадағалау актісін жіберді. Кінәлілер әкімшілік және қылмыстық жазаға тартылады.