Қазақстан тарихының көптомдығын шығаруға шетел азаматтары тартылады

Дастан Жұмабекұлы

Кітаптың қазіргі заманға лайықталған мультимедиалық нұсқасы да болады

Фото: facebook.com

Алматы қаласында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президенттің тапсырмасына сәйкес, Ғылым және жоғары білім министрі, ғалымдар мен тарих институттарының басшыларымен бірге Қазақстан тарихының көптомдығының іске асырылу барысын талқылады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда қазір әзірленіп жатқан еліміздің академиялық үлгідегі жаңа тарихының сапалы жазылуы керектігін айтқан болатын.

Бұл жұмысқа шетелдік мамандарды тарту көзделіп отыр. Мемлекет тарихын түгендеуге қатысатын қазақстандық зерттеушілердің де қатары көбейеді», - деді ол.

Сондай-ақ, ол көптомдықтың қазіргі заманға лайықталған мультимедиалық нұсқасының дайындалатынын атап өтті.

«Бұдан бөлек әрбір том бойынша ғылыми қауымдастықтың және жұртшылықтың қатысуымен тәжірибелік конференциялар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады», - деді Мемлекеттік кеңесші.