×

«Сау малымызды ауру қылып отыр». СҚО-да індет тараған ауыл тұрғындары әкімдік алдына жиналды

Аралағаш ауылының тұрғындары бірнеше жылдан бері ауру мал үшін берілуге тиіс өтемақысын ала алмай жүр

 Самат Жақып 22.06.2022 | 13:19
фото: Halyq Uni

Солтүстік Қазақстан облысында малы бруцеллезге шалдыққан тұрғындар төрт түлік малын ет комбинаттарына өткізуге қарсы шығып жатыр. Себебі Аққайың ауданына қарасты Аралағаш ауылының халқы елді мекенде қауіпті індет тарағанына сенбейді. Айтуынша, ветеринар мамандар сау малды әдейі ауру деп, шұжық өңдеу кәсіпорындарына өткізуге мәжбүрлеп жатыр. Оның үстіне тұрғындар мемлекет тарапынан берілетін өтемақыны да ала алмай жүр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі

«АЛҒАН НЕСИЕМДІ ТӨЛЕЙ АЛМАЙ ОТЫРМЫН»

Аралағаш ауылының тұрғыны Сәния Нәбиева - төрт баланың анасы. 2019 жылы ол жолдасы екеуі ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан үш миллион теңге несие алып, оған он бас сиыр сатып алған екен. Ол үшін ауылдағы баспанасын кепілге қойған. 2020 жылы мал дәрігерлері ірі қара малдардан қан алып, олардың бруцеллез ауруына шалдыққанын айтқан. Амалы қалмаған отбасы олардың барлығын шұжық цехына өткізіп жіберген. Бірақ мемлекет тарапынан берілуге тиіс өтемақыны сол күйі ала алмаған. Салдарынан қазір алған қарызын қайтара алмай отыр.

«Он бас сиырдың бәрін 2020 жылы Қостанай облысындағы шұжық цехына апарып өткіздік. Енді өтемақы алу үшін олар бізге малдардың бруцеллезге шалдыққанын растайтын анықтама беруі қажет. Ол құжатты ондағылар бермейді. Өйткені шұжық цехында сойған малдың етінен ешқандай індеттің белгісі шыққан жоқ. Яғни, таза болып шығады. Қолымызда ешқандай дәлелді құжат болмаған соң, әкімдіктен ақша да талап ете алмай отырмыз. Жолдасымның тұрақты жұмысы жоқ. Малды сойып, етін тым арзан бағаға өткіздік. Мойнымда әлі 2,8 миллион теңге несием бар. Енді бала-шағамды қалай асыраймын? Несиемді қалай жабамын? Білмей отырмын», - дейді Аралағаш ауылының тұрғыны Сәния Нәбиева.

«МАЛЫМЫЗДЫ ЕТ КОМБИНАТЫНА ӘДЕЙІ ӨТКІЗІП ЖАТЫР»

Аралағаш ауылында осымен төртінші жыл қатарынан тек ірі қара малдан бруцеллез анықталуда. Тұрғындар 2020 жылы 70 бас малды шұжық цехтарына өткізіпті. Биыл жағдай тағы да қайталанып жатыр. Бірақ бұл жолы жергілікті халық, төрт түлік малын қасапханаға тапсырудан бас тартпақшы. Себебі, көбі бұл жерде шикілік бар ма деп күтіктенеді.

«Шұжық цехындағы ветеринарлар сап-сау малды неге өткізіп жатқанымызды сұрайды. Біз ештеңе түсінбейміз. Жауаптылардан сұрасақ, мәселенің ақ-қарасын дұрыстап айтпайды. Үйдегі ірі қара малдар да ауырып жатқан жоқ. Егер малымыз сау болса, біз оларды неге ет өңдеуге өткізуіміз керек?! Міне, 15 мамырда тағы төрт түлік малдан қан алып кетті. Ал оның қорытындысы тек бір айдан кейін, яғни 16-шы маусымда бірақ дайын болды. Заң бойынша зертханадағылар 5 күнде тексеріс нәтижесін шығарады. Сонда сиырлар шын мәнінде кеселге шалдықса, табындағыларды да жұқтырып жатыр емес пе? Неге мамандар уақытында шара қолданбайды. Олардың мына ісі бізге түсініксіз болып тұр», - дейді Аралағаш ауылының тұрғыны Мұсат Мақажанов.

СҰРАҚ КӨП, ЖАУАП ЖОҚ

Тұрғындарды алаңдатып отырған тағы бәр мәселе - ол ірі қаралардың сәйкестендіру нөмірінің сараптама нәтижесінде көрсетілген сандармен сәйкес келмеуі. Салдарынан нақты қай малдың ауруға шалдыққанын ешкім дөп басып айта алмай отыр. Аталған мәселені түсіндіруді талап еткен жұрт ауыл әкімдігінің алдына жиналып, бас көтерді. Бірақ, ауданнан сол күйі ешкім келмеді. Жағдайды облыстың бас мал дәрігеріне сұрап білдік.

«Аралағаш ауылында 2020 жылдан бастап бруцеллез ауруы анықталып жатыр. 2020 жылы осы ауылға шектеу енгізілген болатын. Соның негізінде 15-20 күн сайын жүйелі зерттеулер жүргізілді. 67 бас санитарлық союға жіберілді. 2021 жылы шектеу алынғаннан кейін, тағы жоспарлы тексеріс жүргіздік. Ол кезде 7 бастан ауру анықталды. Биыл көктемде 22 мал ауру болып шықты. Жалпы ветеринарлық-санитарлық ережелер бойынша ауру малдар санитарлық союға жіберіледі. Сол кезде мал дәрігері сарапшы ет комбинатында ішкі органдарын тексеріп, бруцеллезге тән потологиялық өзгерістер болған кезде санитарлық қайта өңдеуге акт жасайды. Және ветеринарлық-санитарлық инспектор нұсқама береді. Осы екі құжат негізінде біз мал иелеріне нарықтық бағамен бюджеттен өтемақы төлейміз. Біздің мамандар малдың қанынан аурудың белгілерін анықтайды. Себебі қанда бруцеллездің қоздырғыштары бар. Бірақ сойған кезде етпен ол анықталмауы да мүмкін. Дегенмен, қауіпті кесел ет құрамында болмаса, онда тұрғындар оны басқа жерге апарып өздері өткізуіне болады», - дейді облыстық ветеренария басқармасының басшысы Берік Әлжанов.

Мамандардың тұрғындардың өздері санитарлық талаптарды сақтамайтынын айтады. Яғни, ауру малды оқшауламайды. Өткен жылдары тәртіпке бағынбаған Аралағаш ауылының бірнеше тұрғынына айыппұл да салынған екен. Аталған елді мекенде тағы шектеу шаралары енгізілуі мүмкін. Ал өтемақы ала алмай жүрген ағайын енді прокуратураға арызданбақшы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама