«Азаматтарға арналған үкімет» қызметкерлерінің жалақысы артады

Дәурен Ерболат

Министр еңбекқор қызметкерлердің еңбегі бағаланатынын жеткізді

фото: ашық дереккөз

Биыл «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қызметкерлерінің жалақысы 50%-ға көтеріледі. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

«Біріншіден, биыл «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қызметкерлерінің жалақысын 50%-ға арттырамыз.

Екіншіден, оларда белгілі бір ынталандыру жүйесі бар. Мысалы, call-орталықтың екі қызметкерін алайық. Біріншісі күніне 100 өтінімді өңдесе, екіншісі 10 өтінімді өңдейді дейік. Нәтижесінде бірінші қызметкер басқаларына қарағанда 50%-ға, тіпті 100%-ға көбірек ақша ала алады. Осылайша, өңделген өтінімдер саны бойынша ынталандыру жүйесі болады», - деді министр Мәжілістің жалпы отырысынан соң.

Ол еңбекқор қызметкерлер сыйлықақысын жылдың соңында алатынын атап өтті.

«Халыққа қызмет көрсету орталықтарының басты мақсаты – өтінімдерді жылдам қабылдап, мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету. Мотивацияның белгілі бір жүйесі бар. Ол бойынша тиісті жұмыс жүргізіліп, жылдың соңында қызметкерлерге сыйлықақылары беріледі», - деді Бағдат Мусин.