×

«Бұл нағыз алалау, дискриминация!»: ата-аналар Назарбаев зияткерлік мектебіне шағымданды

Бұл мәселені май-шаммен қарау ұсынылды

 Дастан Жұмабекұлы 22.06.2022 | 11:59
коллаж: Halyq Uni

Әлеуметтік желіде Назарбаев зияткерлік мектептерінде қазақ тілінде оқып жатқан оқушылардың ата-аналары шағымданып жатыр.  Осындай шағымхаттың бірін белгілі педагог Өмір Шыныбекұлы Facebook-те жария етті. Ол Алматы қаласындағы химия-биология бағытында білім беретін Назарбаев зияткерлік мектебінде қазақ тілінде оқитын балаларға қатысты кемсітушілікті айтқан азаматтың бейнежазбасын жариялады.  

Видеода өзін таныстырмаған азамат Назарбаев зияткерлік мектебінде мемлекеттік тілде білім алатын балаларды алалаудың, соларға қатысты әділетсіздіктің болып жатқанын атап өтті.

«Өткен аптада Назарбаев зияткерлік мектептеріне оқуға қабылданған балалардың нәтижесі шықты. Бұл жерде мемлекеттен «Өркен» деген грант бөлінеді. Мысалы, биыл Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебін бес қазақ сыныбы мен екі орыс сыныбының оқышылары бітірді. Бірақ, биыл оқуға түсуге төрт қазақ сыныбы мен төрт орыс сыныбы алынған. Енді осы жерде бұл әділеттілік пен әділетсіздік пе деген сұрақ туындайды. Егер орыс сыныбына түскісі келген балалардың балдары көп болса, әңгіме болмайтын еді. Ал әңгіме мынада», - деді ол.

Осы ретте, ол мысал ретінде Алматы қаласындағы химия-биология бағытында білім беретін Назарбаев зияткерлік мектебіндегі жағдайды келтірді.

 «Биыл Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ тобына оқуға тапсырған бір оқушы  ең жоғары 1424 балл алған. Ал 100 орында тұрған оқушының балы 1186 болған. Соларға 100 грант бөлінді. Орыс тобына оқуға тапсырған баланың ең жоғары балы 1404 болса, 100 орындағы оқушының 1126 балл алған.

Енді мына жағдайды қараңыздар: қазақ тобына түскісі келіп, 140 орын алып, грантқа ілінбей қалған баланың балы 1127 болды. Яғни, 100-140 орында тұрған балалардың балдары орыс топтарындағы оқушылардан көп. Бұл жерде қазақ тобына түскісі келген балы көп оқушы грантқа қабылданбаған. Ал орыс тобындағы балаға сол орыс тобында оқығаны үшін грант беріп тұр. Бұл әділетсіздік пе?! Бұл нағыз әділетсіздік.  Мен мұны таза дискриминация деп санаймын. Қай оқушының балы көп сол адам грантқа түсу керек. Қазақ тобында оқығаны үшін грантқа түспегені бұл таза дискриминация. Сондықтан Назарбаев мектебінде балалары оқитын ата-аналар, сол жерде жұміс істейтін оқытушылар әділетсіздікке көз жұмбаңыздар.

Назарбаев мектебінде осы мәселені шешіңіздер. Біз қазақ тілді аудиторияны басындыруға жол бермейміз», - деді ол.

Бұл азаматтың жанайқайы әлеуметтік желіде кеңінен тарап, қызу талқыланып жатыр. Осы жазбаны жариялаған педагогтың өзі неліктен биыл Назарбаев зияткерлік мектептерінде орыс сыныптарына басымдық беріліп жатқанын Премьер-министрден сұрайтынын, осы проблемаға халық қалаулыларының да үн қосып, депутаттық сауал жолдауларын өтінді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама