ШҚО-да 50 млн теңге бопсалаған ер адам ұсталды
Қылмыскер жәбірленушіні 2 жыл бойы қорқытып келген
Шығыс Қазақстанда 2 жылдан астам уақыт ақша бопсалаған ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігінің ведомстволық сайтының мәліметінше, мамыр айында ШҚО ПД Криминалдық полиция басқармасына облыс орталығының тұрғыны 2020 жылдың мамыр айынан бастап 2022 жылдың сәуір айына дейін 54 жастағы ер адамнан ақшалай қаражатты бопсалаумен айналысатыны туралы жедел ақпарат келіп түсті. Келіп түскен хабарды тексеру барысында ақпарат расталып, облыс орталығының 49 жастағы тұрғыны бопсалаушылық бойынша күдікті ретінде ұсталды.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті өзінің физикалық артықшылығын пайдаланып, жәбірленушіден әр түрлі көлемдегі ақшаны жүйелі түрде талап етіп отырған. Алғаш рет ол одан 150 000 теңге алып, содан кейін талап еткен соманы көбейте бастайды. Жәбірленуші бас тартқан жағдайда оған күш көрсетемін деп қорқытқан. Жәбірленуші өз өміріне қауіп төндіруден қорыққандықтан, талап етілген соманы беріп, бірнеше рет құтылған. Сонымен қатар, ол өз атына несие алуға, тіпті анасының пәтерін сатудан түскен қаражаттың бір бөлігін беруге мәжбүр болды.
Тағы бір рет қылмыскер өзінің құрбанынан 2 млн теңге алуды ұйғарған кезде құқық қорғау органдары оны ұстады. Жалпы алғанда, 2 жыл ішінде оның қылмыстық әрекеттерінен келтірілген залал 50 млн теңгені құрады.
Қазіргі уақытта күдікті ұсталды, оған қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 194-бабы 4-бөлігі аса ірі мөлшерде жасалған қорқытып алушылық бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, – деді Полиция департаменті бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.
Бұл бап бойынша қылмыскерді жеті жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.