×

«Сыбағаға» ұрынған павлодарлық шаруалардың өздері істі болып жатыр

11 шаруашылық мемлекеттен 200 миллион теңгеден аса субсидия алған

 Еркеғали Болатұлы 22.06.2022 | 11:04
фото: ашық дереккөз

Павлодарда 4 жыл бұрын «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасынан жеңілдетілген несие алған шаруалар шетінен істі болып жатыр. Оларға Ресейден асыл тұқымды малды жалған құжат арқылы әкеп берген оператор сан соқтырып кетіпті. Енді міне, 11 шаруашылық мемлекеттен алған несиесімен қоса, субсидиясын да кері қайтаруға мәжбүр.

2018 жылы Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие берді. Ондай жылдам несие беруді бірінші рет көрдім өз басым. 25 сиырды кепілдікке алды да 1-2 күнде біздің шаруашылық шотына 55 миллион теңге түсірді. Сол кезде күдіктендім, үлкен бір ойынның ойыншығы болып қалдық деп, - дейді қожалық басшысы Орал Сартаев.

Содан шаруаларды сазға отырғызған мал жеткізуші 6,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілен. Ал субсидия алуға арналған құжаттарды ауыл шаруашылығы басқармасы қабылдап алыпты.

«Құжаттар мемлекеттік органнан өткеннен кейін бізге «сіздердің құжаттарыңыз жалған» деп шықты. Ал біз құжаттың жалған екенін білетін сарапшы емеспіз. Бас кезінде мемлекеттік орган қайда қарады? Мысалы, мына құжаттарың дұрыс емес, өтпейді десе, біз тоқтайтын едік», - дейді келесі шаруа қожалығының басшысы Бауыржан Ахметов.

Осылайша 11 шаруашылық мемлекеттен 200 миллион теңгеден аса субсидия алған. Оның бесеуі ақшасын кері қайтарыпты. Ал қалған 6 шаруа қожалықты ауыл шаруашылығы басқарамасы сотқа беріп, облыстық прокуратура тексеріс жүргізген.

Тексеріс барысында қарама-қайшы тексеріс жүргізіп, РФ-ке сұраулар жолдадық. Алынған жауаптарға сәйкес, субсидия берілген малдардың РФ кәсіпорындары арқылы сатылмағаны анықталды. Біз облыс әкімі орынбасарының атына заң бұзушылықтарды жөндеу туралы ұсыныстар енгіздік, - дейді Павлодар облыстық прокуратураның басқарма басшысы Рүстем Есенов.

«Сыбағадан» қағылған шаруалар енді несиеге алған малдарын сойып сатпақ. Себебі қарызды қайтармаса, сотталып кетуі мүмкін. Енді олар құзырлы органдардан өздеріне мал жеткізіп берген адамның жазасыз қалмауын талап етіп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама