Басын бәйгеге тіккен екі азаматтың ата-анасы араша сұрап, президентке үндеу жолдады
Жамбылдағы жарылыс жалынын сөндіруге барған екі өрт сөндірушіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеуге ілінгендер қатарында Төтенше жағдайлар департаментінің бұрынғы басқарма басшысы Мансұр Шайкрамов пен Байзақ ауданы №8 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Асыл Мұхамеджанов бар. Осыған наразы Асылдың ата-анасы араша сұрап, ел президентіне үндеу жолдады. Сонда оқиға орнына бұйрықпен барып, қызыл жалынға кіргендерге қатысты қылмыстық іс қозғалуына не түрткі болған?
Жойқын жарылыстан шыққан отты сөндіруге бірінші болып барғандардың бірі - Асыл Мұхамеджанов. Ол «басымды бәйгеге тігіп барғаным үшін тергеуге түстім» деп налып, әлеуметтік желіде Мемлекет басшысына үндеу жолдады. Қазір ол жұмысқа жарамсыз. Ауруы қайта мазалап, ауруханаға үш күн бұрын түскен. Ал дәрігерлер жағдайы туралы жақ ашқысы келмеді.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен Байзақ ауданы №8 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы болып қызмет атқарамын. 2021 жылдың 26 тамызында Байзақ ауданы, Қайнар ауылы маңында ең бірінші шақырту алып, оқиға орнына шыққан болатынмын. Сол кезде өзіме жүктелген міндеттерді адал атқарып, өрт сөндіру шараларын қоданып, ұйымдастырған болатынмын. Мен оқиға орнына келгеннен бастап 15 минуттан кейін басшылықты қолына марқұм Микрополы алған болатын. Сол кезде мен қатардағы өрт сөндіруші құрамына кірдім. Қазіргі таңда маған қатысты әскери тергеу басқармасы ҚР ҚҚ 371-бабы, 2- бөлігімен («салғырттық») қылмыстық іс қозғалған. Менің іс-әрекетімде салғырттық жоқ екені куәгерлер жауабы дәлел. Алайда Әскери тергеу басқармасы сонда да маған қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатпай отыр. Өрт орнына мен өзімнің өмірімді қатерге тігіп барғанда естіген жақсылығым сол болды ма? Қазіргі таңда жарылыс салдарынан жұмысқа жарамсызбын», - деді Байзақ ауданы №8 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы.
Баласы үшін шыр-пыр болған ата-анасы да бұл іске биліктен назар аударуын сұрайды. Байзақ ауданында бармаған жеріміз қалмады деп бәйек болған Асылдың ет жақындары тергеу тоқтатылсын деп талап қойды. Қазір Асылдың анасы Байзақ аудандық ауруханасының алдын торуылдап жүр.
«Ұлымның денсаулығы көтермегендіктен ауруханаға жиі келіп, қасында қадағалап отырмын. Өзінің қан қысымы төмен еді, енді 150-ге дейін көтеріліп, инсульт алатын жағдайға жетіп отыр. Қазіргі таңда жұмыста жоқ. Сол жарылыстан кейін госпитальда жиі ем алды, кейін бір рет жұмысқа шығып еді, жарамады. Әртүрлі жарақат алды, омыртқасы, қабырғасы сынып, бір аяғымен жүре алмай, көпке дейін емделді. Өйткені контузия алды, миы шайқалған. Сол жарылыс кезінде оны жарылыстың екпінімен лақтырып жіберген кезде, сол жерде ұшып кетіп, есін жия алмай талып қалған. Баламды бес сағат бойы іздеп, қалалық ауруханаға жансақтау бөліміне алып келді. Енді оның адал қызметін бағалаламай, жұмысын жоққа шағырып, қылмыскер етіп отыр. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сізге аналық өтінішпен шығып отырмын. Жұмысын адал атқарған адамдарға көмегіңіз тиетін шығар деген оймен Сізге өтініш айтып отырмын», - деді Асылдың анасы Алтын Жұмаділова.
Асылдың әкесі Жомарт Мұхамеджанов та ұлының кінәсіздігіне сенімді.
«Жарылыс болған жерде 4 адам басшылық жасады. Екі азамат қайтыс болып кетті, екеуі тірі қалды. Ал енді тірі қалған екі азамат қазір жауапқа тартылып жатыр. Сонда қызметін адал атқарып, тірі қалғаны үшін кінәлі ме? Неге? Балам ең соңына дейін өз өмірі үшін қорықпай, жарылыстың зардабын жоюға үлкен үлесін қосты. Сол үшін мен әлі де болса әділ шешім шығады дегенге сенімдімін. Балам ақталып, кінәсіз болатынына соңына дейін сенемін», - деді Асылдың әкесі.
Ал тергеуге түскен тағы бір азамат - Төтенше жағдайлар департаментінің бұрынғы басқарма басшысы Мансұр Шайкрамов. Жамбыл облыстық прокуратурасы тергеу осы жылдың ақпан айының 25-і күні басталғанын айтты. Әзірге облыс бойынша осы екі азаматтан басқа құзырлы органдардың назарына іліккені жоқ.
«Салғырттық» дерегімен төтенше жағдай департаменті қызметкерлері ол біріншісі Шайкрамов Мансур Закирұлы, сонымен қатар Мұхамеджанов мырзаға қатысты дәл сондай ҚР Қылмыстық кодексінің 371-бабы, 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп, тексеру басталған. Әлі аяқталған жоқ», - дейді Жамбыл облыстық прокуратурасы бірінші басқармасының аға прокуроры Дархан Сатыбалдиев.
Осы тергеу ісіне байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлерін соңына дейін қорғайтынын айтты. Олар қос азаматты кінәлі деп санамайды, әрі әдістемелік, консультативтік көмек көрсететінін мәлімдеді.
«Өз тарапымыздан құр отыра бермейміз. Біз өз қызметкерлерімізді қорғауға барлық мүмкіндікті жасаймыз. Олар үздік қызметкерлер қатарында. Марапаттан да кенде емес. Шайкрамов Мансұр Закирұлы деген жігітке ІІ дәрежелі «Айбын» берілді. Асыл Мұқамеджанов деген жігітке ерлігі үшін деген медаль берілген», – Жамбыл облыстық ТЖД бастығының орынбасары Ералы Ақылбеков.
Тергеуге алынған екі азаматқа қатысты істің немен аяқталатыны белгісіз. Ал желідегі жұрт басын бәйгеге тіккен төтеншеліктерді батырға теңеп, жақтап отыр.
Айта кетейік, Байзақтағы жойқын жарылыс былтыр 26 тамызда болған еді. Апат салдарынан 17 адам ажал құшып, 100-ге жуық адам жарақат алды. Ал іс-түссіз кеткен әскери қызметкер Бауыржан Дәуітбаев әлі күнге табылған жоқ.