Сау сиырды бруцеллез деп етке өткізіп жатыр – ауыл тұрғындары
Бұл ауылда 2020 жылы 400-ге жуық ірі қара болған
СҚО Аралағаш ауылының халқы ветеринарларға ашулы. Айтуларынша, олар бруцеллезге шалдықты деп, сау малды қаладағы шұжық зауытына өткізіп жатқан көрінеді. Түлікке төленетін өтемақыны да алмадық дейді жергілікті жұрт.
Бруцеллез деп біздің сиырларды біртіндеп алып кетті. Енді біз өтемақы алу үшін шұжық цехтарынан анықтама сұрадық. Ол кісілер сендердің малдарың таза дейді. Біз енді не істейміз? Міне, 2 жыл болды, әлі қудалап жүрміз, - деді ауыл тұрғыны Сәния Нәбиева «Астана» телеарнасына берген сұхбатында.
Жалпы, осы Аралағаш ауылында 2020 жылы 400-ге жуық ірі қара болған. Ветеринарларға сенуден қалған халық бруцеллездің кесірінен соның 4/1 бөлігінен айырылып қалғандарын айтады.
Қан алған сайын расталады деп айта алмаймын. Өйткені ана жолы 5 малың ауру деп келді. Бірақ оның екеуінде ғана бирка сәйкес келеді. Қалғанынікі келмейді. Менде жоқ ондай нөмірлер. Ал енді маған 5 малыңды бер дейді, - деп күйінді Мұсат Мақажанов есімді келесі тұрғын.
Ал ветеринарлар ет комбинатының мамандары әдетте малдың ішкі ағзасына қарайтынын алға тартып отыр. Қанның құрамында бар бруцеллез ішкі мүшелерге бірден әсер бермейтін көрінеді. Сол себепті, зауытта қоздырғыш расталмай жатады деген уәждері дайын.
«Барар алдында олар алдын ала ет комбинатымен келісімге отыруы керек. Яғни сол бруцеллезге тән патологиялық белгілер болмаса, онда олар бұл етті өздері алып, басқа жерге шексіз сатуға хақылы. Заң бұған рұқсат береді. Сойғаннан 12 сағаттан кейін бұл етті шексіз пайдалануға болады», - дейді СҚО ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов.
Биыл бір ғана Аралағаш ауылындағы 21 ірі қарадан бруцеллез анықталған. Күрделі сараптама кезінде індет расталса, ауылға шектеу шаралары енгізілуі мүмкін.