×

Энергетикалық сусындардан қауіпті консерванттар табылды

Өнімдер сатылымнан шығарылды

 Динара Амантай 22.06.2022 | 10:00
Фото: ашық дереккөз

Қостанай облысының сауда сөрелеріндегі энергетикалық сусындардан қауіпті консерванттар табылды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық - эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Санитариялық дәрігерлер Қостанай облысының сауда желісінде сатылатын өнімдердің қауіпсіздігін мониторингтеу қорытындысы бойынша «Кофеинмен және тауринмен Flash up energy» (163,3 мг/л) және «Monster Energy» (173,72 мг/л) алкогольсіз энергетикалық газдалған сусындардағы натрий бензоатының (Е211) артқанын анықтады. Сусындарды өндірушілер «Балтика» «Сырақайнату компаниясы» ЖШҚ (Ресей Федерациясы) және «Refresco Benelux B.V» (Нидерланды Корольдігі) компаниясы болып табылады.

Тағам өндірушілер азық-түліктің ұзақ уақыт сақталуы үшін оның құрамына түрлі тағамдық қоспаларды консерванттар ретінде қолданады. Егер бұл консерванттардың мөлшері шамадан тыс болса, адам денсаулығына аса қауіпті болады. Әсіресе жүктілік кезінде құрамында натрий бензоаты бар тағамдар мен сусындарды қолдану ұсынылмайды. Себебі бұл зат аллергиялық реакциялар тудыруы мүмкін. Кейбір адамдарда консерванттың артық болуы денедегі қышу, жөтел, қызару, бөртпе, ісіну сияқты жеңіл белгілерді тудыруы мүмкін. Бұған қоса натрий бензоатының организмде жиналу қасиетімен ерекше қауіпті болып табылады.Осындай энергетикалық сусындарды көп мөлшерде тұтынатын жасөспірімдер үшін бұл өнімдердің зияны айтарлықтай болып отыр.

Аталған өнімдер партиясы сатылымнан шығарылды, ал жеткізушіге ішімдіктерді сатылымнан алып тастау бойынша шаралар қабылдау тапсырылды. Комитет Ресейдің «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және адамның әл-ауқатын бақылау қызметіне» (Роспотребнадзор) осы өндірушілердің өнімдерін зертханалық күшейтілген бақылауға алу туралы хабарлама жіберді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама