Алматыдағы онкологиялық орталықтың обырды анықтайтын мүмкіндігі жоқ

Еркеғали Болатұлы

Қазір елімізде қатерлі ісікпен ауыратын 170 мыңға жуық науқас бар

фото: ашық дереккөз

Алматыда 600-дей науқас ағзасында қатерлі ісіктің бар не жоғын анықтай алмай отыр. Оған Онкология және радиология институтындағы диагностикалық сканердің жұмысының тоқтауы себеп.

КТК телеарнасының хабарлауынша, Ядролық физика институтында адамның ағзасын сканерлеу алдында қабылдайтын радиофарм препаратын шығаратын модуль синтезі істен шыққан. Соның салдарынан еліміздегі жалғыз өндіруші мекеме шаһардағы обырдан емдейтін қос медициналық мекемеге дәріні жеткізуін тоқтатыпты. Енді науқастар тексерістерін кейінге шегеруге немесе өзге қаладағы онкоорталықтарға аттануға мәжбүр.

Құрылғыны республикалық онкология және радиология ғылыми институтына осыдан 4 жыл бұрын орнатқан. Оның көмегімен 100 мыңнан астам науқас індетін білген. Алайда соңғы уақытта құрылғы жұмыс істемей, қаңырап тұр. Өйткені диагностиканы бастаудың алдында пациент қабылдайтын радиофарм препараты жоқ.

Егер ПЭТ-КТ зерттеуін басқа ешқандай инструменталдық әдіспен алмастыра алмайтын болсақ, онда ол науқастарды Нұр-Сұлтан немесе Семей қаласындағы ПЭТ-КТ орталықтарына жібереміз, - дейді ҚазОРҒЗИ радиология және ядролық медицина бөлімшесінің меңгерушісі Жандос Аманқұлов.

Радиофарм препарат елімізде Алматының іргесіндегі жалғыз ядролық физика институтында шығарылады. Ондағы мамандар модуль синтезінің істен шығатынын жоғарғы жаққа бір жыл бойы ескертіп келіпті. Содан бері науқастар зардап шекпесін деген мақсатта Энергетика министрлігі пен МАГАТЭ ұйымына да хат жолдаған. Алайда одан еш нәтиже жоқ.

Қазір елімізде қатерлі ісікпен ауыратын 170 мыңға жуық науқас бар. Ал жыл сайын 30 мың адамнан обыр анықталады. Қазірдің өзінде 20-дан астам пациентті ПЭТ-КТ-ға түсу үшін Семей қаласына жіберуге мәжбүр болған.