×

Елордада IQanat олимпиадасының финалы өтеді

Жеңімпаздар IQanat High School of Burabay мектебінде оқи алады

 Дәурен Ерболат 21.06.2022 | 17:08
Фото: Әлиакпар Қадырбаев

Нұр-Сұлтанда IQanat республикалық олимпиадасының ақтық сыны өтеді, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.

Биыл олимпиадаға ауылдардағы 36 мыңнан аса оқушы қатысқан. Нәтижесінде екінші кезеңге 7,6 мың, ал финалға 752 оқушы өткен.

Енді балалар үшінші республикалық кезеңде негізгі пәндер (математика, физика, биология, химия, тарих, география) және ағылшын тілі бойынша тест тапсырады. Тестте сұрақтар жеңіл, орташа, күрделі деп бөлінеді. Ең жоғары балл жинаған 100 оқушы IQanat High School of Burabay мектебінде оқи алады.

Бұл олимпиада 2017 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді. Ондағы мақсат – ауыл балаларын қолдау, оларға сапалы білім беру. 1 қыркүйектен бастап, оқушылар iqanat.kz-те тіркеліп, байқауға қатысты. Нәтижесінде биыл 8-сыныпта оқитын 752 оқушы финалға өтті. Олар Қазақстанның 164 ауданынан келіп отыр, - деді IQanat олимпиадасының әдіскері және ұйымдастырушысы Римма Камашева.

Сондай-ақ IQanat білім беру қорының атқарушы директоры Камила Башарова биыл ауылдардағы үздік мектептер де марапатталатынын жеткізді.

2022 жылы біз «Үздік мектеп» аталымын енгіздік. Онда оқушыларының басым көпшілігі IQanat-қа түскен мектеп марапатталады. Жалпы соңғы 3 жылда біздің олимпиадаға қатысуға ниет білдірген балалардың қатары айтарлықтай артып отыр, - деді атқарушы директор.

 

Білім беру қорының Қызылорда облысы бойынша үйлестірушісі Райкүл Байназарова білім сайысына 3 мыңнан аса оқушы қатысқанын атап өтті.

«Нәтижесінде олимпиаданың үшінші турына 35 бала өтті. Былтыр ақтық сайысқа 28 бала қатысқан еді. Оқушылар жоғары нәтиже көрсетіп, Бурабайдағы IQanat High school мектебіне түседі деген үміттемін. Өткен жылы оған біздің облыстан тек бір оқушы түсті», - деді үйлестірушісі.

8-сынып оқушысы Ерасыл Ақбай Қызылорда облысынан келген. Ол олимпиадаға қатысып, өзінің қай салаға бейімі бар екенін білгісі келеді.

«Мен Жаңақорған ауданы Қожамберді ауылындағы №168 мектепте оқиман. IQanat олимпиадасы арқылы өзімнің қай салаға бейімім бар екенін білгім келеді. Осылайша, болашақ мамандығымды таңдасам деймін. Білім сайысында таңдау пәні ретінде Қазақстан тарихын таңдадым. Құдай қолдаса, осы жобада топ жарып, үздік мектепте оқығым келеді», - деді олимпиадаға қатысушы.

Сондай-ақ 14 жастағы Айтжан Қосматов Маңғыстау облысы Бейнеу ауданынан келген. Оның мақсаты – білім сайысында топ жарып, сапалы білім алу.

«Жалпы Маңғыстау өңірінен 40 оқушы келді. Мен Бейнеу ауданындағы лицейде 8-сыныпта оқимын. Бұл жоба «сапалы білім алуға мүмкіндік береді» деген соң бағымды санауға келдім. Үшінші турда география пәнінен тест тапсырамын. Барлығы ойдағыдай болады деген үміттемін», - деді оқушы.

Айта кетейік, 2022 жылғы 24 маусымда ЭКСПО конгресс-орталығында IQanat олимпиадасының жеңімпаздары анықталады. Үздік 100 оқушы Бурабайдағы (Ақмола облысы) IQanat High school мектебінде оқи алады.

Іс-шараға Қазақстанның мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, елорда әкімі Алтай Көлгінов, оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, IQanat білім беру қорының қамқоршылары, ірі компания басшылары қатысады деп жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама