Halyq Uni логотип
×

Ақтөбеде де бас есепші сотталды

Ол ұрлаған ақшасына Алға қаласынан пәтер сатып алған

 Дастан Жұмабекұлы 21.06.2022 | 16:45
Ақтөбеде де бас есепші сотталды
фото: diapazon.kz

Ақтөбеде есепші компанияның ақшасын туыстарының есепшотына аударып, кейін оны қолма-қол ақшаға айналдырып, өзіне жұмсаған. Осылай ол бірнеше рет алаяқтық жасап, өзіне пәтер де сатып алған.

Бұл туралы қалалық «Диапазон» газеті хабарлады.

Сот оны 7 жылға бас бостандығынан айырып, пәтері мен тоңазытқышын тәркілеген.

Басылымның хабарлауынша, 2015 жылы Алға қаласының тұрғыны Светлана Н. «Алға тазалық» коммуналды кәсіпорнында бас есепші болып жұмыс істеген. Ал 2016 жылы компанияның ақшасын жымқырғаны үшін екі рет сотталған. Үкімдердің бірінде ол «Алға тазалық» мекемесінде жұмыс істемейтін екі тұрғынға зейнетақы мен әлеуметтік төлем аударғаны айтылған. Екі қылмыстық іс бойынша ол шартты түрде бас бостандығынан айырылған.

Осылайша, ол алаяқтығы үшін екі рет сотталып,  2018 жылы «Неохим» ЖШС мекемесіне бас есепші болып қайта жұмысқа орналасқан. Ол аяғы ауыр болып, демалысқа шыққан соң серіктестік тексеріс жүргізіп, нәтижесінде 64 миллионнан аса қаражат жетпейтінін анықталған. Осыдан кейін бас есепшінің серіктестік шотынан туыстарының, оның ішінде анасы мен әпкесінің есепшотына ақша аударғаны белгілі болған.

Есепші ұрлаған ақшасына Алғадан пәтер сатып алған. Оны енесінің атына аударып жіберген, - делінген материалда.

Бас есепшінің алаяқтығы әшкере болған кезде сотқа келіп, келтірілген шығынмен келіспей, оны түрмеге қамамауды сұрап, төрт баланы тәрбиелеп отырғанын айтқан.

Солай болғанымен ол қамау мерзімнен құтқара алмаған. Соттың шешімімен алаяқ  серіктестікке 64 миллион теңге көлемінде ақша өтеуі тиіс. Ол сот үкімі жарияланғаннан кейін бірден қамауға алынған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама